СҚО-да алты көл балық шаруашылығын дамыту үшін он жылға пайдалануға беріледі
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлерге балық шаруашылығын дамытуға өңірдегі алты көл конкурс арқылы берілмек. Конкурс 7 шілдеге жоспарланған.
Іс-шараны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы ұйымдастырады. Конкурсқа өңірдің үш ауданындағы көлдер шығарылды.
Мәселен, инвесторларға ұсынылып отырған Есіл ауданындағы Мусино көлінің жалпы ауданы 80,4 гектар.
Ал, Жамбыл ауданында бірден үш көл конкурсқа қойылды. Олар - ауданы 100 га болатын Зотово көлі, екіншісі - 124,9 га алып жатқан Башенное көлі және 48 га аумақтағы Суаткөл көлі.
Қызылжар ауданында ауданы 164,6 га болатын Каменное көлі мен 33,6 га-лық Исаково көлі конкурсқа шығарылған.
Барлық су айдындары көл-тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін 10 жыл мерзімге беріледі.
Мамандардың айтуынша, конкурсқа қатысу үшін үміткерлер e-Qazyna порталында тіркеліп, электронды цифрлық қолтаңбамен расталған өтінім тапсыруы қажет. Сонымен қатар 100 АЕК мөлшерінде кепілдік жарна төлейді.
Бұған дейін елдегі өзен-көлдерді қорғауға арналған сегіз жоспар дайындалып жатқанын жазған едік.