СҚО-да алты ауданда ғана қоқысты бөлек жинау жүзеге асырылады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрмыстық қатты қалдықтарды түріне қарай бөлек жинау әдетке айналмай тұр. Қазіргі уақытта тек алты ауданда ғана шикізат ретінде қайта пайдалануға болатын қоқысқа арнайы ыдыстар қойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да алты ауданда ғана қоқысты бөлек жинау жүзеге асырылады

СҚО бойынша экология департаментінің мәліметінше, өңірдің тек алты аудан орталығында ғана кәсіпкерлер қоқысты сұрыптап, қайта кәдеге жаратып отыр. Олар Айыртау, Аққайың, Есіл, Мамлют, Қызылжар, Тайынша аудандары. Мәселен, Қызылжар ауданы Бескөл ауылында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөліп жинауға арналған 24 контейнер бар.

Сынабы бар қолданылған лампаларды жинауға 49 арнайы ыдыс қойылған, оның 30-ы Петропавлда тұр.

Басқаларға Айыртау ауданы Саумалкөл ауылының тәжірибесі үлгі. Мұнда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап жинауға 85 контейнер және сынабы бар лампаларға 5 контейнер қойылған. Қазір мұнда екі кәсіпкер макулатураны, целлофанды, пластикті, алюминий банкаларды, түсті-қара металды, полиэтиленді және шыны ыдысты қайталама шикізат ретінде қабылдайды.

Тайынша ауданында да тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинаумен екі жеке кәсіпкерлік айналысады.

Экологтардың айтуынша, табиғатты қорғау іс-шаралары жоспары жобасына қайталама шикізатты қабылдау пункттерін ұйымдастыру да кірген.

Жалпы қазіргі уақытта тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыру полигондарын салу бойынша 8 ауданның құжаттары дайын. Осы мақсатқа 59 млн теңге жұмсалды. Олар аудан орталықтарының және ірі елді мекендердің маңында болады. Алайда олардың жақын арада жүзеге асуы неғайбыл. Ғ.Мүсірепов, Тайынша, Уәлиханов, Тимирязев аудандарында қаржыландырудың жоқтығынан жұмыс тоқтады.

Жамбыл ауданында жобаға өзгеріс енгізіліп жатыр.

Ақжар ауданында қоршаған ортаға әсерді бағалауды әзірлеу үшін «ЭКОТЕРРА КАЗАХСТАН – 2010» ЖШС-мен 1,7 млн теңгеге шарт жасалды. Алайда жұмыс орындалмағандықтан жергілікті әкімдікке соттасуға тура келді. Жұмсалған қаражат бюджетке қайтарылды.