СҚО-да Армениядан әкелінген 374 автокөлік тіркелді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Армениядан әкелінген 374 көлік тіркелсе, соның 112-сінде рөлі сол жаққа қайта жабдықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да Армениядан әкелінген 374 автокөлік тіркелді

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс аумағында Армения Республикасынан Қазақстанға әкелінген көлік құралдарын тіркеу жалғасып жатыр. 2020 жылғы 2 қыркүйекте ҚР Үкіметінің қаулысымен аталған автокөліктерді тіркеу рәсімі 2021 жылғы 1 наурызға дейін ұзартылды. Шетелдік көлік иелеріне уақытша сары нөмірді алуға әлі бір айлары бар.

«Рөлі оң жақта орналасқан көлікті тіркеу үшін рөлін сол жаққа қайта жабдықтау қажет. Қазір облыста екі сынау орталығы жұмыс істейді. «НаЦЭкС» АҚ СҚФ және «ПетроЭкспертиза» ЖШС қайта жабдықталған көліктің қауіпсіздігін растайды. Осы күнге дейін СҚО-да 374 автокөлік сары нөмір алды, олардың ішіндегі 112-сінің рөлі сол жаққа қайта жабдықталды», - дейді СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Болат Жексембинов.

Армениядан әкелінген автокөлікті тіркеу үшін Петропавл қаласы Нефтепроводная, 7 мекенжайындағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Көлік құралдарын тіркеуге қатысты сұрақтар бойынша солтүстікқазақстандықтар Петропавлда 61-25-52 (СҚО ПД ӘПБ Процессингтік орталығы) және 32-00-22 (Мамандандырылған ХҚКО Call-орталығы) телефон нөмірлеріне хабарласа алады.