СҚО-да артемия салина шаяндарын заңсыз аулаған екі адам бір жылға сотталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Ақмола облысының екі тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы көлден 336 келіден астам артемия салина шаяндарын заңсыз аулаған.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, оқиға 2025 жылдың шілде айында болған. Екі ер адам алдын ала келісіп, Тайынша ауданындағы тұзды көлге көзге түспеу үшін түнде келген. Алайда заңсыз кәсіптері ұзаққа созылмады. Браконьерлерді оқиға орнында полиция қызметкерлері ұстады. Олардан заңсыз ауланған биоресурс және аулау құралдары тәркіленді.
Салдарынан мемлекетке 5 млн 952 мың теңге шығын келген. Сот барысында айыпталушылар кінәларын мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін білдірді. Сондай-ақ келтірілген шығынды толық өтеді.
- Сот қылмыстың пайдакүнемдік сипатын, қылмыстың алдын ала сөз байласу арқылы жасалғанын және экологиялық залалдың ірі мөлшерін ескере отырып, нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау қажет деп тапты, - деп хабарлады прокуратурадан.
СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты биыл қыркүйекте айыпталушыларды кінәлі деп таныды. Рақымшылық туралы заң ескеріліп, әрқайсысына бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Үкім заңды күшіне енді.
Мамандардың айтуынша, артемия салина шаяндары балық шаруашылығында, фармацевтикада, косметологияда және басқа да салаларда қолданылады. Оны бақылаусыз өндіру су экожүйесіне және табиғи тепе-теңдікке зиян келтіруі мүмкін.
Бұған дейін СҚО-да үш қабанды заңсыз атып алған күдіктілер ұсталғанын жазған едік.