СҚО-да әскери есепке алынатын жастардың 30% денсаулығы нашар
СҚО бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Дәулет Толыбайдың айтуынша, әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу жұмыстары 8 қаңтарда басталып, наурыздың соңына дейін жалғаспақ. Есепке алынатын жастардың 1,5 мыңы Петропавлдан болса, дәл осыншасы - аудандардан.
Тіркеуді жергілікті әскери басқару органдары мен жергілікті әкімдіктер бірлесіп, азаматтарды әскери есепке қою үшін, олардың санын, білім және дене дайындығы деңгейін, әскери қызметке жарамдылығын анықтау мақсатында ұйымдастыруда.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, тіркелуге келген 17 жастағы бозбалалардың шамамен 30% денсаулығы нашар. Мамандардың айтуынша, жастардың көбі бүгінде көз ауруларымен ауырады. Сондай-ақ майтабандық, жүрек-қан тамырлары аурулары да кездеседі. Оған қоса, аудандарда дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады.
«Әскери есепке тіркеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың шешімімен аудандарда арнайы комиссиялар құрылған. Есепке қою жұмыстарын бастамай тұрып мектептерде түсіндіру шараларын өткіздік. Сондай-ақ оқушыларды әскери оқу орындарына түсуге қажетті құжаттар тізімімен таныстырдық»,- дейді Дәулет Толыбай.
Әскери тіркеу кезінде ҚР Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындары мен Кадет корпусына, басқа да әскери білім беру мекемелеріне түсуге жастар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі.