СҚО-да астан улану дерегіне қатысты медициналық комиссия құрылды

медицинское обслуживание
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында астан уланған отбасының екі мүшесі жансақтау бөлімінде жатыр.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Қызылжар ауданы Надежка елді мекенінде бір отбасының тамақтан уланып, салдарынан екі баланың қайтыс болғанын жазған едік. 

Қайтыс болған балалардың атасы Сергей Коваленконың айтуынша, оқиға 13 маусым күні болған. Отбасы мүшелері кешкі астан кейін кезекпен ауыра бастаған.

«Кешке тамақ ішіп, құсқан. Өзім көрген жоқпын, біз бөлек тұрамыз. Балам үйде жоқ. Полицияға түсініктеме беруге қалаға кетті», - дейді Сергей Коваленко.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы астан уланған отбасына қатысты жағдайға түсінік берді. Ведомство басшысының міндетін атқарушы Раиса Құсайынованың айтуынша, түнгі сағат 2.00 шамасында отбасы Надежка ауылының медбикесіне хабарласып, үш адамның – 1996 жылғы әйел мен 2017 және 2014 жылғы екі баланың құсып жатқандығы туралы хабарлаған. Медбике медициналық көмек көрсеткен. Таңғы сағат 8.00 шамасында мекенжайдан қайта хабарласып, келген медбике сол жерде 2021 жылғы баланың қайтыс болғанын тіркеді.

«Екі жедел жәрдем көлігімен анасы мен балалары Петропавлдағы медициналық мекемелерге жеткізілді. 2017 жылы туған қыз баланың жағдайы ауыр болды, ол дереу реанимацияға жатқызылып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Алайда кешкі сағат 20.50-де 6 жасар қыз бала қайтыс болды, - дейді Раиса Құсайынова.

28 жастағы әйел Петропавлдағы инфекциялық ауруханада, жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы аздап жақсарғанымен, әлі де ауыр.

10 жастағы баланың да жағдайы тұрақты ауыр. Үйдің иесі – ер адам ауруханаға жатудан бас тартқан.

«Қазіргі уақытта денсаулық сақтау басқармасында осы оқиғаға қатысты комиссия құрылған. Істің мән-жайын анықтайтын боламыз. Барлық биологиялық материал сараптамаға жіберілді. Өлімнің алдын ала себебі -тағамдық токсикалық инфекция, инфекциялық-токсикалық шок, мидың ісінуі. Әйелдің айтуынша, олар сол күні пицца, шұжық, дүкен тұшпарасын жеп, кола ішкен», - дейді Раиса Құсайынова.

Сондай-ақ СҚО-да күн жылынғалы кене шаққан 350 адамның дәрігерге қаралғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram