СҚО-да «Астана-Петропавл» жолының жөндеу жұмыстары аяқталуда

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту» бойынша автокөлік жолдарын жөндеу бағытында 5 жоба жүзеге асуда, деп хабарлады ҚазАқпарат.

СҚО-да «Астана-Петропавл» жолының жөндеу жұмыстары аяқталуда
Бүгінгі отырыста «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері магистральдардағы жұмыстар барысын талқылады.

Республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан бес жобаны жүзеге асыруға 19 млрд. теңге бөлінді. Фракция комиссиясының мүшесі Галина Семенованың айтуынша, қазан айының басына дейін қаражат толығымен игерілді.

«Биыл ұзындығы 132 шақырым болатын «Астана-Петропавл» жолының жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Сонымен бірге, «Жезқазған-Петропавл» және «Петропавлды айналып өту» автожолдары аумағындағы жұмыстар да аяқталады. Бұл бөліктерді жүзеге асыру кезінде СҚО аумағындағы «Бурабай-Көкшетау-Петропавл» транзитті дәлізінің де жөндеу жұмыстары аяқталады», - деді Галина Семенова.