СҚО-да аудан әкімдері сайлауының қорытындысы шықты
Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясы 5 қарашада Есіл, Мамлют, Тимирязев аудандары әкімдерін сайлау қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Kazinform.
СҚО аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Есіл ауданы бойынша екі кандидат болса, Мереке Мұхамедияров үшін сайлаушылардың 8419 дауыс берді. Оның қарсыласы Серік Шаймергенов 1630 дауыс жинады. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны 724 болды.
Мамлют ауданы бойынша Елена Степаненко 6817 дауыс жинады. Абзал Исмановқа сайлаушылардың 604-і дауыс берді. Мейірхан Жұмықов 428 дауыс жинады. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 416.
Тимирязев ауданы бойынша Ерлан Жаровқа 3536 сайлаушы дауыс берді. Қайрат Жағыпаров 358 дауыс жинаса, Талғат Есләмов үшін 338 сайлаушы дауыс берді. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны 181 болды.
Сайлау қорытындысы бойынша Есіл ауданының әкімі болып Мереке Мұхамедияров сайланды, 1962 жылы туған, бұған дейін Есіл ауданы әкімінің орынбасары болды.
Мамлют ауданының әкімі болып Елена Степаненко сайланды. Ол 1972 жылы туған, бұл лауазымға дейін Мамлют ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек етті.
Тимирязев ауданының әкімі болып бұған дейін осы ауданды басқарған Ерлан Жаров қалды, ол 1982 жылы туған.
Жалпы СҚО-да сайлаушылар тізіміне 35 846 азамат енгізілді. Дауыс беруге 24 061 сайлаушы қатысты.