СҚО-да аудандардың көктемгі су тасқынына әзірлігі тексерілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны болуы мүмкін аудандардың табиғи апатпен күреске әзірлігі тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көктемгі су тасқыны жергілікті атқарушы органдардың, төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауында. Тасқын судың келтірер зардабын азайту мақсатында облыс әкімінің орынбасарлары, департаменттер мен басқармалардың басшылары Жамбыл, Мамлют, Аққайың, Тайынша, Ақжар, Есіл, М.Жұмабаев, Уәлиханов, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев және Шал ақын аудандарын аралап, жағдайды бағамдады. Өзендер мен көлдердегі қауіпті жерлерді қарап шығып, ұйымдар мен шаруашылық жүргізу нысандары базасында құрылған және ықтимал төтенше жағдайды жоюға арналған бөлімшелердің техникасы мен жеке құрамын тексерді.

Елді мекендерді табиғи апат салдарынан қорғау жөніндегі инженерлік іс- шараларға ерекше назар аударылды.

«Бүгінгі таңда облыстың елді мекендерінен 2 млн текше метрге жуық қар шығарылды, ұзындығы 1 мың км астам қаралау жұмыстары жүргізілді, 1580 су өткізу құбырлары тазартылды. Бұл жергілікті атқарушы органдардың су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге тиісті жауапкершілікпен қарайтындығын білдіреді», - дейді СҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов.

Бұған дейін «Қазгидромет» РММ СҚОФ мамандары сәуір айына ауа райының болжамын мәлім еткен еді. Синоптиктердің айтуынша, өңірде қар бірінші онкүндіктің екінші жартысынан бастап қана қарқынды ери бастайды.



Соңғы жаңалықтар