СҚО-да аудандық әкімдіктер 148 млн теңгеге сапа сертификатынсыз ойын алаңдарын алмақ болған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары бюджет қаражатының жұмсалуына талдау жүргізу аясында мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзу деректерін анықтады. 

СҚО
Фото: pixabay.com

СҚО прокуратурасының мәліметінше, тексеру барысында 1,9 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді. 

Облыс әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының лауазымды тұлғалары «Мемлекеттік сатып алу және сәулет-қала құрылысы қызметі туралы» ҚР Заңдарының талаптарын бұзған. Олар балабақша құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алулар арқылы құжаты жоқ жер учаскесін 1,7 млрд теңгеге алмақ болған. 

Сондай-ақ Қызылжар, Уәлиханов аудандарындағы әкімдіктердің лауазымды тұлғалары мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарына қайшы, ашық конкурстың орнына баға ұсыныстарын сұрау арқылы 107 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға әрекеттенген. 

Ал, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Қызылжар аудандарының әкімдіктері тауардың сапа сертификаттарының болу қажеттігі туралы талаптарды белгілемей, 148 млн теңгеге спорттық ойын алаңдарына мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған. 

Қадағалау органының актілері бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелері қаралып жатыр.

Жалпы жыл басынан бері прокурорлар заңсыз жүргізілмек болған мемлекеттік сатып алулардың 8-іне жол бермеді. 

Соңғы жаңалықтар