СҚО-да аудандық стационарлар жабылады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталды. Қазіргі уақытта инфекциялық стационарларда 62 адам ем алым жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да аудандық стационарлар жабылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов облыстағы коронавирусқа қатысты жағдайға тоқталды. Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, эпидемиологиялық жағдай жақсарды.

«Инфекциялық стационарларда 62 адам ем алып жатыр. Жансақтау бөлімшесіндегі 7 науқастың жағдайы ауыр. Емдеу мекемелері 9 %-ға жүктелген. Қазіргі уақытта КВИ жұқтырғандарға арналған 704 орын бар. 1700 орынға дейін жеткен кездер болды. Қазір кезең-кезеңмен азайтып жатырмыз.

Кей облыстарда бүгін соңғы сырқаттар жазылып шықты. Біздің өңірде оған әлі ерте. Оның бірнеше себептері бар, соның бірі – өңір тұрғындарының 27 %-ы – жасы 65-тен асқандар. Олар қатер тобына жатады. Қазір өңірдегі бес емдеу мекемесінде – облыстық көпбейінді ауруханада, қалалық және облыстық балалар ауруханасында, инфекциялық ауруханада және облыстық фтизиопульмонология орталығында стационарлар жұмыс істеп тұр. Облыстық балалар ауруханасында бір ғана бала ем алып жатыр. Қазір тәулігіне 5-10 адамнан түседі, бұл жақсы көрсеткіш», - дейді Нұрлан Айманов.

Маманның айтуынша, жағдай әлі де жақсаруы үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Ол үшін өңірдің 370 мың тұрғыны екпе салдыруы тиіс. Бірақ әзірге 304,2 мың адам вакцинаның бірінші компонентін ғана алды. Ревакцинациядан 196 мың тұрғын өтуі тиіс болса, соның 100,8 мыңы ғана екпе салдырған.

«Вакцинацияның нәтижесін көрдік. Екпе алған адамда ауру жеңіл өтеді, мұны тәжірибе көрсетіп келеді. Сондықтан халықты вакцина салдыруға шақырамыз», - дейді Нұрлан Айманов.

СҚО-да пандемия басталғалы 484 адам қайтыс болды.


Балаева
Ұқсас жаңалықтар

Балаева: Елдің көші-қон саясаты түбегейлі трансформациядан өтеді