СҚО-да ауыл әкімі бос уақытында кесте тігіп, темірден қару-жарақ соғады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Советское елді мекенінің тұрғыны Валерий Форш — сегіз қырлы, бір сырлы көпке үлгі болып жүрген азамат. Ер адам Алтын дән ауыл округінің әкімі, әрі жергілікті мектепте балаларға сабақ береді. Қолы қалт еткенде қолөнермен айналысып, түрлі бұйымдар жасайды. Оның моншақты пайдаланып, ерекше тәсілмен жасаған Абайдың портреті халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алған. Валерий Яковлевич жақында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті ұйымдастырған «Мемлекеттік қызметтегі дарындар» байқауының жеңімпазы атанды. Шеберді тілшіміз әңгімеге тартты.


— Сіз мектепте көркем еңбек пәні мұғалімісіз және ауылдық округте әкім болып еңбек етіп жатырсыз. Бұған рұқсат берілген бе?
— Негізі менің еңбек жолым қызық, алдымен мектепте мұғалім болып еңбек еттім, кейін ЖШС-де прораб болып жұмыс істедім. 2015 жылы мектепке қайтып келдім. Ал 2020 жылы жергілікті тұрғын ретінде ауылдық округтің әкімі болуды ұсынды. Біраз нәрсе үйреніп қалған балаларымды тастағым келмеді, әрі заң бойынша мемлекеттік қызметшіге 8 сағат ұстаздық қызметпен айналысуға болады екен, сондықтан екі жұмысты қатар алып келе жатырмын.

— Сіз шығармашылық адамысыз, бұл мемлекеттік қызметте көмектесе ме?
— Шығармашылық — бұл ерекше ойлау қабілеті ғой. Сондықтан қойылған міндеттерді орындауда ерекше шешімдер қолданылады. Құрылыс бойынша көп жылғы тәжірибемнің де пайдасы тиіп жатыр.
— Шығармашылыққа қалай келдіңіз, неден бастадыңыз?
— Мен кішкентайымнан сурет саламын. Суреттен алғашқы ұстаздарым — анам мен әжем. Олардың кестелеріне қарап отырып, қиялға ерік беретінмін. Мектепте сүйікті пәнім сурет сабағы болатын. Үйде ағашты ойып, түрлі зат жасадым, тігін тігетінмін. Мектепте де қабырға газеттерін шығару менің мойнымда болды. Сондықтан осы саланы таңдап, Семей педагогикалық институтына, көркем-графикалық факультетіне оқуға түстім.

Маған бәрі қызық, білмегенімді үйренуге тырысамын. Майлы бояумен сурет саламын, ағаштан түрлі заттар жасаймын, үй жиһазын да өзім істей беремін. Металдан батырлардың сауыт-сайманын, қару-жарақ істеймін. Киім-кешек тігіп, кестелей де аламын. Пластик бөтелкелерді де кәдеге жаратамын. Үйімді бастан-аяқ өзім салып шықтым.
— Ең қиын және уақытты көп алған жұмысыңыз жайында айтып беріңізші…
— Ол — моншақпен безендірілген портрет. Алғашқысы — Мағжан Жұмабаевтың портреті, оны оқушыларыммен бірге жасадық, қазір жергілікті университетте ілініп тұр. Екіншісі — Абайдың мерейтойына арнаған еңбегім. Онымен халықаралық байқауда жеңіске жеттім. Бір жылдан астам уақыт кетті, портретті жасауға 144 мың моншақты пайдаландым, мозаика әдісімен жасалған. Түстерін келтіріп отырып, моншақпен суретін салдым деуге болады. Әр бисерді желіммен бекіттім, бұл өте ұзақ уақытты және энергияны алады. Бірақ нәтижесі соған тұрарлық. Менің мақтанышым. Үйімде, төрде ілініп тұр. Осыдан кейін көптеген адам маған тапсырыс бермекші болды, бірақ, мемлекеттік қызмет маған шығармашылықпен қалағанымша айналысуға мүмкіндік бермейді.

— Түрлі техниканы меңгерген екенсіз, бірақ соның ішінде көңіліңіз жататыны қайсы?
— Жалпы маған ағашпен жұмыс істеген ұнайды. Заттардың ішінде тарихи қару-жарақпен айналысқанды ұнатамын. Бұл оқушыларыма да қызық. Мәселен, қылыш жасап отырып, батырлар жайында сөйлесеміз, мұның өзі тәрбие.

— Тапсырыспен жұмыс істейсіз бе?
— Бұрын жұмсақ жиһаз жасауға тапсырыс алатынмын. Германияның каталогы болды, соған қарап істейтінмін, кейбірі өзгертіп бер деп әкелетін. Мағжан Жұмабаевтың мерейтойына төрт түрлі портретке тапсырыс болды. Қазір уақытым жоқ, үлгермегендіктен айналыспаймын. Ал елді мекенде менің қолымнан шыққан дүниелер көп, ауылдағы әр шаңырақта мен жасаған дүние бар. Жергілікті ЖШС-ге монша салып бердім. Ерекше дизайнмен салған дәмхана жұмыс істеп тұр.

— Оқушыларыңыздың арасында жолыңызды қуған ізбасарыңыз бар ма?
— Ия, бір оқушым қазір Петропавлда жиһаз фабрикасын ашып жұмыс істеп жатыр. Жуырда келіп, берген білімім үшін рахмет айтып кетті. Екі қызым мектептен кейін университетке дизайнер мамандығы бойынша түсіп, қазір жұмыс істеп жатыр. Оқушыларымның жасаған жұмыстары түрлі байқауларда жүлделі орын алады. Ауданымызда түрлі техникамен жасалған 90 жұмыс қойылған көрме де ұйымдастырдық.

— Ауылдық округте әкім болып еңбек етіп жатырсыз. Сіздің мерзіміңіз бітуге таяу екен. Төрт жылдың ішінде әкім ретінде қандай мәселелерді шештіңіз?
— Ауылдық округте 5 км жолға асфальт төселді. Придорожное, Советское елді мекендерінің 20 км жолына қиыршық тас төселді. Придорожное елді мекені 100% жарықтандырылды. Мәдениет үйі күрделі жөнделіп, іске қосылды, онда қазір спорт, тренажер залдары бар. Жергілікті шаруашылық қажетті керек-жарақты алып беріп, қазір онда үш топ жаттығады. Советское елді мекенінде су желісі толық жаңартылды. Мұндағы үйлердің 95% су үйге кіргізілген. Абаттандыру жұмысы тұрақты түрде жүргізіледі. Спорттық жарыстардан да қалмаймыз, осы төрт жылдың ішінде 20 шақты кубокты иеленіппіз.

Осы ауылда тудым, оқу бітіргеннен кейін осында тапжылмастан жұмыс істеп жатырмын. Қоныс аударуға мүмкіндіктер болды, туған-туысқаным қазір Германияда тұрып жатыр. Бірақ мен үнемі ұлтым неміс болса да, жаным қазақ деп айтамын. Туған елімнен ешқайда кетпеймін.


