СҚО-да ауыл әкімдігінің ғимараты отқа оранды

пожар
Фото: видеодан алынған кадр

Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Воскресеновка ауылдық округінің ғимараты толық жанып кетті. Өрт пештен шығуы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті батығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, оқиға бүгін түнде болған. 

«Өрт пеш жағатын бөлмеден шығуы мүмкін. Жалын кейін әкімдік ғимаратына жайылған. Бұл үй 1961 жылы ағаштан салынған. Сондықтан бірден лап еткен. Ғимарат толық жанып кетті. Өрт сөндірушілер құжаттар мен компьютерлерді өрт сөндіру барысында сыртқа шығарып үлгерді. Өрт толық сөндірілді, тергеу жүріп жатыр, сондай-ақ келтірілген шығын мөлшері де анықталады», — дейді Дмитрий Растихин.

Маманның айтуынша, пеш жағу кезінде қауіпсіздік шаралары сақталмаған.

СҚО-да бір аптадан бері қатты аяз тұр. Мәселен кеше, сынап бағанасы —38 градус аязды  көрсетсе, бүгін —34 градус.

Тұрғындар үйдегі жылуды сақтау үшін күні-түні пеш жағуға мәжбүр.

Аяз тек ертеңнен бастап қана сына бастайды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram