СҚО-да ауыл мектебінің үздік оқушысы анықталып, сыйлыққа велосипед берілді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – «Ауыл мектебінің үздік оқушысы-2024» байқауының қорытындысы шығарылды. Жеңімпазды анықтауда алғаш рет ауыл мектептері арасында өткен республикалық олимпиада қорытындысы негіз болды. Солтүстік Қазақстан облысында Мақсат Өмірболатов үздік оқуыша деп танылды.
Мақсат Өмірболатов Айыртау ауданындағы №1 Саумалкөл орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Білімге құмар бала 5-сыныптан бастап Қазақстан тарихына қызығушылық танытып, ұстаздарының қолдауымен осы күнге дейін түрлі республикалық жарыстардың жеңімпазы атанды. Өткен оқу жылында бозбала Ақтөбе қаласында өткен жас тарихшылардың республикалық зияткерлік байқауында және Астана қаласында өткен ауыл балаларының республикалық олимпиадасында 1 орынды жеңіп алды. Сондай-ақ Өскеменде жалпы пәндер бойынша өткен республикалық олимпиаданың жүлдегері. Осылайша жоғары нәтиже көрсеткен Мақсат Өмірболатов СҚО бойынша ауылдың үздік оқушысы атанды. «Қызылжар дарыны» орталығы мен СҚО Білім басқармасы жаңа оқу жылында үздік оқушыға бағалы сыйлық - велосипед сыйлады.
СҚО Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан бойынша осындай номинацияда тек 14 адам ғана марапатталды.
Оқу-ағарту министрінің тапсырмасымен өткен оқу жылында алғаш рет ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында жалпы пәндер бойынша республикалық олимпиада өтті. Мақсат - Қазақстанның шалғай елді мекендерінен дарынды балалардың қабілеттерін анықтауға және нығайтуға бағытталған. Білім додасы 13 пән бойынша өткізіліп, 3 кезеңнен тұрды. Республиканың түкпір-түкпірінен 85,4 мың оқушы қатысуға ниет білдірді. СҚО-дан 3,4 мың оқушы тіркелді.
Олимпиада «бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылды. II кезең (облыстық) желтоқсан айында өтті. Тапсырмалар онлайн-платформада дәстүрлі олимпиадалық тапсырмалар түрінде ұсынылды.
III кезеңнің қатысушылары - 730 оқушы республикалық сырттай мектепке қабылданды. Қорытынды кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. СҚО бойынша жалпы 162 жүлдегер. Республикалық кезеңге облыстан бірінші және екінші орын алған 51 жеңімпаз қатысып, 5 алтын, 3 күміс және 12 қола медаль алып, лайықты өнер көрсетті. «Үздік олимпиадалық марапат» номинациясы бойынша үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Бұған дейін СҚО ауылында 8 бен 17 жас аралығындағы 35 қыздың күреспен айналысып жүргенін жазған едік.