СҚО-да ауыл тұрғынының үйінен заңсыз атып алынған 5 елік табылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер «Браконьер» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр.

заңсыз атылған еліктер
Фото: СҚО Полиция департаменті

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары 1 ақпанда басталған алдын алу іс-шарасы аясында заңсыз аң аулаудың екі фактісін анықтады. Тәртіп сақшылары Тайынша ауданында жедел ақпаратты тексеру барысында ауыл тұрғынының үйінен заңсыз атылған бес сібір елігін тапты.

Бұл дерек бойынша 43 жастағы ер адам күдікке ілінді. Полиция қызметкерлері одан қарда жүруге арналған техника мен қос ұңғылы ТОЗ-34 мылтығын тәркіледі. Алдын ала есептеу бойынша табиғатқа келтірілген шығын 7 млн теңгеден асты.

аңшы мылтығының оғы
Фото: СҚО Полиция департаменті

Ал Айыртау ауданында өткен бірлескен рейд барысында полицейлер мен қорықшылар мылтық асынған салт аттыны байқап қалды. Ер адам қару оның ауылда тұратын 52 жастағы туысына тиесілі екенін айтты. Сақшылар бірнеше шақырым жүрген соң ауыл тұрғынын және атылған үш сібір елігін тапты. Күдіктінің аңшылықпен айналысуға рұқсаты болмаған. Тәркіленген ИЖ-17 дара ұңғылы мылтығы тіркелмеген. Қару да, атылған жануарлар да тәркіленді.

Қазіргі уақытта заңсыз аңшылық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін СҚО тұрғыны өртенген үйден үш баланы аман алып шыққанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар