СҚО-да ауылды өрттен қорғап қалу үшін ақмолалық мамандар көмекке келді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында өрт сөндірушілер 350 тұрғыны бар ауылды өрттен қорғап қалды.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше Тайынша ауданында дала өрті тіркелді. Обуховка ауылының жанында 46 гектар алаңда құрғақ шөп жанған. Екпіні секундына 20 метрге дейін жеткен күшті желдің салдарынан жалын тез таралып, ауылдың шетіндегі ЖШС аумағындағы шаруашылық құрылысына дейін жетті.
Өртті сөндіруге СҚО ТЖД-нің 5 техникасы мен жеке құрамнан 56 адам және Ақмола облысынан 5 техника мен 48 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Дронды пайдалана отырып қосымша әуе мониторингі жүргізілді. Бұл оттың таралу бағытын жедел бақылауға және жердегі іс-қимылдарды үйлестіруге мүмкіндік берді. Ауылды қорғау үшін айналасы тракторлармен жыртылды.
Осылайша, өрт сөндірушілердің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде Обуховка ауылына жалынның таралуына жол берілмеді.
Ауылға төнген қауіп толығымен жойылды, эвакуациялаудың қажет болмады. Зардап шеккендер жоқ. Обуховка ауылында 130 үйде 348 адам тұрады.
Бұған дейін ШҚО-да өрт кезінде 70-ке жуық адам эвакуацияланғанын жазған едік.