СҚО-да ауыз суға бөлінген субсидияны заңсыз алуға қатысты 8 қылмыстық іс тіркелді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында ауыз сумен жабдықтауға берілетін субсидияларды заңсыз алудан мемлекетке 460 млн теңгеден астам шығын келді.
Бұл туралы СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасының басшысы Қайрат Нұрахметов брифингте мәлімдеді.
Департамент жүргізген талдау нәтижесінде ауыз сумен жабдықтауды субсидиялау жүйесінде бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар екені анықталған. Яғни су көлемін есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесінің болмауы, мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасудың жеткіліксіздігі және субсидия алуға ұсынылатын мәліметтердің дұрыстығын автоматты түрде тексеру мүмкіндігінің шектеулі болуы мәселе тудырады.
Қайрат Нұрахметовтің айтуынша, қылмыстық істерді тергеу барысында субсидияларды заңсыз алудың кең таралған тәсілі анықталған.
- Сумен жабдықтаушы ұйымдар заңды тұлғалар мен кәсіпкерлерге жеткізілген судың көлемін құжаттарда әдейі төмендетіп, ал халыққа берілген суды керісінше асырып көрсеткен. Осылайша, мемлекеттен төленетін субсидия мөлшерін заңсыз ұлғайтқан, - дейді Қайрат Нұрахметов.
Департамент мәліметінше, 2021 жылдан бері мұндай фактілер Аққайың, Есіл, Шал ақын, Тимирязев, Тайынша және Мамлют аудандарында тіркелген.
Бүгінгі таңда 8 қылмыстық істің 6-уы бойынша тергеу аяқталған. Халықты сумен қамтамасыз ететін ұйымдардың басшыларына қатысты қылмыстық істер қаралып, 6 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың біреуі нақты бас бостандығынан айырылды.
- Мемлекетке келтірілген залал мөлшері 460 млн теңгеден асқан. Сонымен қатар жаңа эпизодтар бойынша қазір тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, - дейді Қайрат Нұрахметов.
Маманның айтуынша, қазір субсидия төлеу туралы шешім негізінен сумен жабдықтаушы ұйымдардың өздері ұсынған мәліметтерге сүйеніп қабылданады. Ал бұл ақпаратты автоматты түрде салыстырып, тексеруге мүмкіндік беретін толыққанды жүйе жоқ.
Осыған байланысты департамент бақылау тетіктерін күшейту бойынша бірқатар ұсыныс енгізген. Оның ішінде су жеткізу көлемін нақты есепке алу, есептеу құралдарының көрсеткіштерін салыстыру, салық органдарының ақпараттық жүйелерімен интеграциялау және қосымша тексерулер жүргізу қарастырылған.
Сонымен қатар департаменттің бастамасымен облыс әкімдігі және «Есіл су» филиалы арасында үшжақты меморандум жасалған. Құжат ведомствоаралық тұрақты ақпарат алмасуды, тәуекелдерді бірлесіп талдауды және алдын алу шараларын үйлестіруді көздейді.
Департамент сондай-ақ су жеткізу мен субсидиялау процесін бақылауға арналған цифрлық жүйе енгізуді ұсынып отыр. Ол әрбір жеткізілген су көлемін тіркеп, түрлі деректерді салыстырады және субсидияны заңсыз алу тәуекелдерін автоматты түрде анықтайды.
Бұған дейін Екібастұзда суды заңсыз алып келген шаруашылықтар анықталғанын жазған едік.