СҚО-да аутизм орталығында білім алуға 250-ден астам бала кезекте тұр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында аутизм диагнозы қойылған балаларға мамандандырылған орталықтар тапшы. Былтыр ашылған арнайы оқу орны қазір екі ауысымда жұмыс істейді, соның өзінде 253 бала әлі де мамандандырылған психологиялық-педагогикалық қолдауға мұқтаж.
«AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, партия жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында инклюзивті қоғам құру мәселесі қаралды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Анафинаның айтуынша, жылдың соңында Петропавлдағы «Береке» шағын ауданында салынып жатқан №2 арнайы мектеп-интернат қолданысқа беріледі. Осы оқу орнында аутизм орталығын ашу жоспарланып отыр. Жалпы өңірде 723 бала аутизммен ауырады.
«Мүгедектігі бар адамдарға арналған көтергіш сатыны орнатуға қорытынды алынды. Сондай-ақ үшінші қабатта аутизм орталығына 570 шаршы метр аумақ бөлінді. Балалармен 17 маман айналысады. Олар бір лекте 50 баланы қамти алады. Орталыққа жыл сайын 43 млн теңге бөлінеді. Бұл орталықтың ашылуымен біз кезек мәселесін түбегейлі шешеміз», - деді Динара Анафина.
Кеңес барысында мүгедектігі бар адамдарға арналған нысандарды бейімдеу, оларды жұмысқа орналастыру және халықтың әлеуметтік осал тобындағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері де талқыланды.
СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Берескаяның айтуынша, 2027 жылға дейін ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін 773 білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, мемлекеттік органдар және басқа да объектілерді бейімдеу жоспарланып отыр. Осы жылдың басынан бастап мүмкіндігі шектеулі 201 адам жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, 50 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқудан өтіп, өз істерін ашты.
Биыл жазда халықтың әлеуметтік осал тобынан 16 644 бала сауықтыру мен демалыстың барлық түрлерімен қамтылған. Олар - жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан және өмірлік қиын жағдайға тап болған және мүгедектігі бар балалар.
Бұған дейін СҚО-да былтыр босанған 6 мыңға жуық әйелдің 46-сы кәмелет жасына толмағанын жазған едік.