СҚО-да ауыл шаруашылығындағы пилоттық жоба аясында жаңа 40 шақты кәсіпорын пайда болады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласында қолға алынған ілкімді жоба аясында республикалық қазынадан екі жылда 35 млрд теңге бөлінді. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 40 шақты жаңа нысанның құрылысы қолға алынды, оның басым көпшілігі – сүт фермасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО әкімдігінде ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларға арналған жиын өтіп, онда СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндама жасап, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«СҚО-ның ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары. Төрт жыл бұрын өңір мал шаруашылығын дамытуға бағыт алды. Өнім өндіруден 2020 жылы 2 орын, былтыр 3 орын алдық, биыл 9 айдың қорытындысы бойынша республикада 1 орында келеміз.
Инвестиция тартудан да ел бойынша үздіктер қатарындамыз. Биыл салаға 160 млрд теңге тарту жоспарда бар. Осылайша соңғы 5 жылда инвестиция көлемі екі есеге артып отыр», - дейді Марат Тасмағанбетов.
Мал шаруашылығын дамыту арқылы экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға болады, осылайша, импортқа тәуелділік төмендейді, азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі және жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылады.
«Біз өнімділігі жоғалы цифрлық сүт фермаларын көптеп салуға басымдық бердік. Алайда шаруашылықтар бұл жобаларды жүзеге асыруда көптеген қиындықтарға тап болды. Соның бірі – несие алу. Қағазбастылық, кепіл мүліктің талап етілуі, салдарынан 2-3 жылды жоғалту.
Мәселені шешу үшін «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы осы саладағы ірі жобаларға жеңілдетілген несие беру үшін пилоттық жоба қолға алынды. Ол өз нәтижесін беріп жатыр, сондықтан республикалық деңгейге шығарып, өңірді дамытудың кешенді жоспарына қостық. Екі жылдың ішінде республикадан 35 млрд теңге бөлінді», - дейді СҚО әкімінің бірінші орынбасары.
Жеңілдетілген несие тәжірибелі, тұрақты табысы бар шаруашылыққа 4% 8 жылға беріледі. Ал кепіл ретінде алатын малы мен қондырғылар қойылады.
Былтыр СҚО-да осылайша ауыл шаруашылығының 6 бағыты бойынша 17 жоба қаржыландырылды, биыл 7 бағыт бойынша 20 жобаны іске асыруға несие берілді. Оның ішінде 17 сүт фермасы да бар, 8-і жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Кәсіпорындар болашағы бар елді мекендердің маңына салынып жатыр.
«Бір ферманың салынуымен орта есеппен 50 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Ферма құрылысымен ауылдың инфрақұрылымы да дамиды.
Мәселен Аққайың ауданындағы Ленинское елді мекенінде 600 сиырға шақталған ферма салынды. 40 адам жұмысқа алынды. Мал шаруашылығынан түскен табыстың есебінен ферма жұмысшыларына 18 баспана тұрғызылды. Қоғамдық монша жөнге келтіріліп, дәмхана, мал соятын орын ашылды», - дейді СҚО әкімінің бірінші орынбасары.
Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, өңірде мұндай оң мысалдар жеткілікті.