СҚО-да ауыл тұрғындарына шағын несие беруге 2,6 млрд теңге бөлінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындарына шағын несие беруге 2,6 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың өңірге сапары аясында өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Е.Тоғжанов «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасының» кешенді жоспарын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді. Оған орталық мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, «Атамекен» ҰКП өкілдері және облыс басшылары қатысты.

СҚО-да биыл ауыл тұрғындарына шағын несие беруге 2,6 млрд теңге бөлінді. Ауылда кооперация дамып келеді, бүгінде 137 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген.

«СҚО-да жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының тұрғындар алдында жауапкершілігі бар. Бұл ретте ауыл округтерінің әкімдіктері мен ЖШС арасындағы екіжақты меморандумдар үлкен рөл атқарды», - деп атап өтті вице-премьер.

Елімізде экономиканың барлық салаларында жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және жұмысшы жастарды қолдауға көңіл бөлініп отыр. Жыл соңына дейін СҚО-да 13 мың жұмыс орны ашылады. «Бірінші жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» және басқа да жобалар шеңберінде жұмысқа орналастыру ұйымдастырылды.

Жалпы инвестиция көлемі 76 млрд теңгеден асатын 31 инвестициялық жобаны іске асыру жүргізілуде. Бұл 1 300-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ еңбек кірістеріндегі теңгерімсіздікті жою және халықтың сатып алу қабілетін арттыру қамтамасыз етіледі. Мәселен, Солтүстік өңірде маңызды тауарлардың бағасын қолдайтын тұрақтандыру қоры жұмыс істейді.

«Қазіргі уақытта облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 19 атауының 15-і өндіріледі. Адамдар азық-түлікпен толық қамтамасыз етілген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне 15% көлемінде сауда үстемесін сақтау мәселесі күнделікті бақылауда», - деді СҚО әкімінің орынбасары Сатжан Аблалиев.

Бүгінгі таңда СҚО-да «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы» іске асырылып жатыр. Ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табыс алатын халықтың үлесі 6-дан 5,5% дейін төмендеді. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде орташа айлық жалақы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22% өсті.

Сондай-ақ кеңесте облыс өкілдері халықтың табысын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.



Фото: primeminister.kz



Соңғы жаңалықтар
telegram