СҚО-да ауылдағы бизнесті дамыту жұмыстары жүріп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Өңірлік кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің, облыстық прокуратура мен өңірдің құзырлы басқармасы өкілдерінің қатысуымен ауылдағы бизнесті дамыту мәселелері сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО-да ауылдағы бизнесті дамыту жұмыстары жүріп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының үшінші «Бизнесті жаппай дамыту» бағыты жүзеге асырыла бастады. Алдағы аптада 20 адамнан құрылған жұмыс тобы аудандарды аралайды. Оның құрамына «ҚазАгро», «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдары мен екінші деңгейлі банктердің және микронесиелік ұйымдардың және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді.

Ауылдарда олар тұрғындармен кездесіп, бизнесті дамытудың жолдары мен кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы сөз қозғайды. Мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағытын жүзеге асыру облыс орталығына жақын орналасқан Қызылжар және Мамлют аудандарынан басталмақ.

Кездесуде аудан әкімдерінің орынбасарлары ауыл азаматтарының қандай бизнес түрлерімен айналысуларына болатындығы туралы айтып берді. Мысалы, Мамлют ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру - болашағы зор бағыттардың бірі.

Аудан әкімінің орынбасары Рустам Ғаббасовтың айтуынша, бұл мақсат үшін жер телімдерін алуға болады. Осы уақытта 24 мың гектар жайылмалы жер бар. Ауданның жақсы көлік логистикасы да жақсы. Мамлют ауданы арқылы Оңтүстік Орал теміржолы өтеді. Сондай-ақ осы өңір арқылы республикалық маңыздағы автомобиль жолдары да қиылысады.

2017 жылы облыс орталығынан Ресей шекарасына дейінгі жолдарды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Сондай-ақ мұнда балық шаруашылығын да дамыту қолайлы. Ауданда 159 балық шаруашылығына арналған су қоймалары бар, оның 69-ы ауданның кәсіпкерлерінің атына бекітілген. Резервте тағы 92 көл бар. Олардың барлығы конкурс бойынша балық шаруашылығын дамыту үшін беріледі.

Қызылжар ауданы кәсіпкерлер үшін 27 су тоспаларын ұсына алады. Ауданда сонымен қатар 600 гектар жайылмалы жерлер мен 14 га егістік алқаптар бар.

Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Тілеубай Есжановтың сөзінше, ауыл азаматтарында мал шаруашылығымен және құс шаруашылығымен айналысудың мүмкіндігі зор. Қазіргі таңда қызылжарлықтарда қаз өсіру шаруашылығы кең тараған.

«Өз бизнесін ашамын деген азаматтардың жағдайы облыс прокуратурасының бақылауында болады. Жұмыс тобы оларға консультативті және құқықтық көмек көрсетеді. Яғни кез келген бастама қолға алынған күнінен бастап, аяғына тұрғанға дейін бақылауда болады»,-деді облыс прокуратурасының 1-ші басқармасының бөлім прокуроры Айтуған Әскербаев.