СҚО-да автокөліктерді заңсыз жабдықтаудың 200-ге жуық дерегін анықтады
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жыл басынан автокөліктерді заңсыз жолмен қайта жабдықтаудың 200 жуық дерегін анықтады. Өңірде рейд өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, елден сұйытылған газды әкетуге тыйым салынуына байланысты 14 желтоқсаннан бастап өңір полицейлері СҚО көліктік бақылау инспекциясымен бірге рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр. Осы күнге дейін заң бұзушылықтар анықталған жоқ.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары рейд барысында ауыр жүк көлігін заңсыз жолмен қайта жабдықтауды тексереді.

"Қозғалтқышы үлкен көлікті жүргізушілер көбінесе автогазды қолданады. Естеріңізге сала кетейік, тиісті рұқсатпен ғана қайта жабдықтауға болады. Заңсыз қайта жабдықтау қалыпты жұмыс режимінің бұзылуына және апатқа әкелуі мүмкін", - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Қосымша жарықтандыру құрылғыларын орнатуға, шанақтың көлемін ұлғайтуға және басқа да элементтерді қосуға рұқсат етіледі, бірақ мамандардың келісімімен ғана. Өзге жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 590-бабы "Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" бойынша жауапкершілік бар. Заңсыз қайта жабдықталған көлік құралын пайдаланғаны үшін 15 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
2023 жылдың басынан бастап СҚО-да көлікті заңсыз қайта жабдықтағаны үшін 198 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.