СҚО-да аязды күндерде 15 адам жолда қалып қойды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері үш күн ішінде жолда қалып қойған 15 азаматқа көмек көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аққайың ауданында Щучинск қаласының тұрғындары көлігі бұзылып, аязды күнде жолда қалып қойған. Жол-патруль полициясының қызметкерлері Рүстем Өкенов пен Алмаз Қазбикенов оларды Рублевка ауылына жеткізіп салды.
Қорғаннан Бішкекке бара жатқан Ресей азаматының машинасы бұзылып, бірнеше сағат бойы жолда тұрған. Оған ЖПҚ жол-патруль полициясы батальоны командирінің орынбасары Уәлихан Оразалин көмекке келді.
Есіл ауданында учаскелік испектор Қайрат Нағиметовке Черуновка ауылының тұрғыны жолдағы 20 жастағы туысынан байланыс үзіліп қалғанын айтып хабарласты. Жедел іздестіру шараларының арқасында жас жігіт ауылдан 15 шақырым жерден табылды.
Бірнеше күннен бері өңірде аяз қаһарына мініп тұр. Полиция мен құтқару қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.