СҚО-да азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Президенттің бастамасымен қолға алынған «Тыңдайтын мемлекет» тұжырымдамасы аясында «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» өтті.

Тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асып, өтініштерін тыңдауға, кейін тиісті шара қолдану мақсатында іс-шараға облыс әкімінен бөлек қала басшылығы, жергілікті атқарушы, сот және құқық қорғау органдарының жетекшілері, қаржы институттары мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ашық қабылдау өңір тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Петропавлда және бүкіл аудандарда өткен қабылдауға 611 адам келді.

Азаматтар баспана, абаттандыру, коммуналдық шаруашылық, жер және әлеуметтік мәселелерді көтерді. Олар бойынша кездесуге келгендерге ақпарат пен кеңес берілді. Солтүстікқазақстандықтардың мәселелерін шешу үшін мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Оның орындалуы облыс әкімінің бақылауында болады.
«Азаматтарды бірыңғай қабылдауды өткізу оның қажеттілігін көрсетті. Біз оны дәстүрлі қыламыз. Осы форматта жылына екі рет барлық мемлекеттік органдардың қатысуымен үлкен қабылдау өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.