СҚО-да азаматтардың уақытша болатын орындарында 13 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында 543 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.

СҚО-да азаматтардың уақытша болатын орындарында 13 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр
Фото: СҚО аумақтық сайлау комиссиясы

Олардың 13-і азаматтардың уақытша болатын орындарында: медициналық мекемелерде, әскери бөлімдерде, тергеу және уақытша ұстау изоляторларында ұйымдастырылды. 

СҚО аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірде дауыс беру құқығы бар 364 мыңнан астам сайлаушы тізімге енгізілді. Олардың 2 мыңнан астамы — мүгедектігі бар адамдар.

сайлау
Фото: СҚО аумақтық сайлау комиссиясы

— Әр сайлау учаскесінде пандустар, арнайы тұрақтар бар. Брайль белгісімен транспортер, зағиптарға арнайы аудироликтер әзірленді. Сондай-ақ, бұл күні Петропавлда қоғамдық көлікпен жүру тегін. Инватакси де жұмыс істеп жатыр. Тек ол үшін алдын ала тапсырыс беру қажет, — дейді СҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Сағындық Рахымжан.

сайлау
Фото: СҚО аумақтық сайлау комиссиясы

Бұл күні, сондай-ақ, сайлау учаскелерінің кейбірінде тұрақтандыру қорының өнімдері саудаға шығарылды. Тұрғындар көкөністің кей түрін, макарон өнімдерін, сұйық май, жармаларды нарықтағы бағадан арзанға сатып алуға мүмкіндік алды. 

Дәстүр бойынша, науқан мерекеге айналып, Петропавлдағы сайлау учаскелері орналасқан кей ғимараттардың жанында қалалық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары концерт қояды.

сайлау
Фото: СҚО аумақтық сайлау комиссиясы

Жалпы, өңірде барлығы 15 мәслихат жұмыс істейді. Оның біреуі — облыстық, тағы біреуі — Петропавл қалалық және қалған 13-і аудандық мәслихат. Оларға жалпы саны 193 депутат сайланады. Атап айтқанда, облыстық мәслихатта 30, қалалық мәслихатта 18, ал аудандық мәслихаттарда 145 депутаттық орын бар. 

Бұған дейін Қарағанды облысында сағат 10:00–ге дейін 106 мыңнан астам сайлаушы дауыс бергенін жазған едік.