СҚО-да балаларды тегін үйірмемен қамтуға қосымша 400 млн теңге бөлінді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 5 мың оқушы секциялар мен үйірмелерге тегін қатыса алады. Бұл мақсатқа бюджеттен 400 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

СҚО білім басқармасының мәліметінше, өңірде 83 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 39-ы – білім беруге, 26-сы – спортқа, 6-сы мәдениетке қатысты. Қалған 12-сі – жекеменшік мекемелер. Осылайша қазіргі уақытта балалардың 74 % қосымша біліммен қамтылған. Олар үшін мектептен тыс ұйымдарда да, мектептерде де 2 мыңнан астам секция мен 3 мыңға жуық үйірме тегін ұйымдастырылған. Оқыту 8 бағыт: ғылыми-техникалық, ғылыми-биологиялық (экологиялық), инклюзивті, әлеуметтік-педагогикалық, көркем-эстетикалық, музыкалық-аспаптық, спорттық-сауықтыру мен туризм және өлкетану бойынша жүргізіледі.

«Білім, спорт және мәдениет салаларында қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру аясында биыл қосымша 5 мың бала үйірмелер мен секцияларға тегін қатыса алады. Бұл мақсатқа 400 миллион теңге бөлінді. Сәйкесінше, биылғы жылдың соңына дейін балаларды қосымша біліммен қамту 6 %, яғни, 74-тен 80 % дейін артады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Білім беру тапсырысы бойынша Петропавл қаласында ғана 210 орынға тегін үйірмелер ашылмақ. Ол жерде балалар фортепиано, скрипка, домбыра, гитара, актерлік шеберлік, сурет салу, вокал, хореография и шахматты үйренеді.

Оқушылар сарайында қазіргі уақытта 95 үйірме болса, соның 88-іне балалар тегін қатыса алады. Биылғы жаңа оқу жылында ағылшын тілінде бағдарламалау, информатика, өлкетануғ ағылшын тілі, флористика, ландшафтік дизайн және роботехника бойынша үйірмелер іске қосылады.

Ал облыстық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығында 26 үйірме ашылған. Жақында домбыра үйірмесі жұмысын бастап, 45 баланы қабылдамақшы.

Мамандардың айтуынша, тегін үйірмелерге 1 қазанға дейін жазылуға болады, қазіргі уақытта қабылдау комиссиясы жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар