СҚО-да балаларға арналған қымбат МРТ аппараты пайдалануға берілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы көпсалалы балалар ауруханасында құны 800 млн теңге шамасында тұратын магниттік-резонанстық томография аппараты іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да балаларға арналған қымбат МРТ аппараты пайдалануға берілді

СҚО-да бұдан былай баланы МРТ аппаратына түсіру үшін ұзын-сонар кезек күтудің қажеті болмайды. Облыстық көпсалалы балалар ауруханасына заманауи қондырғы орнатылды. Нәтижесінде диагностика, диагноз қою сапасы артпақ. «Балалар жылы және өңірді 2022-2026 жылдары әлеуметтік-экономикалық кешенді дамыту бағдарламасы аясында биыл республикалық бюджет қаражатына көпсалалы балалар ауруханасына магниттік-резонанстық томография аппараты сатып алынды. Құны – 791 млн теңге. 1,5 теслалық, Францияда жасалған. Бүгін осы қымбат қондырғы пайдалануға берілді. Мұндағы МРТ қондырғысы тек балаларға ғана қызмет көрсететін болады. Бұған дейін балаларды МРТ тексерісінен өткізу проблема болатын. Біріншіден арнайы балаларға арналған қондырғы болмады, сондықтан облыстық, қалалық ауруханаларда ересектермен бірге кезекке қойылатын. Балаларға көрсетілетін қызметтің өз ерекшелігі бар және 5 жасқа дейінгі балаларды қондырғыға түсірудің өз қиындығын ескеру керек, өйткені, бала қозғалмай жатуы тиіс», - дейді аурухана директорының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов. Маманның айтуынша, қондырғыны орнатуға бір жыл уақыт кетті. Құжаттарын әзірлеу, сатып алу, әкеліп орнату – бүгін бұл жұмыстардың бәрі артта қалды. Енді зауыттың өкілі келіп, екі-үш күн бойы қондырғының жұмысын реттемек. Ертең алғашқы науқасты қабылдауды жоспарлап та қойған.


«МРТ аппараты қай мақсатта қолданылатынын айтсақ, ең алдымен неврологиялық дерттері бар балаларға керек. Мәселен неврология бөлімшесінен жылына мыңнан астам бала өтеді. Солардың орта есеппен алғанда 70 % МРТ аппараты керек. Ортопедияда, кеуде қуысы ауруларында, құрсақ қуысы, буын және басқа да көптеген дерттерде МРТ-ға түсіру қажет. 2011 жылы облыста алғашқы МРТ аппараты облыстық көпсалалы ауруханаға алынды. Балалар да сол жерде өтіп келді. Былтыр өз ерекшеліктеріне қарамастан балаларға мұнда 1600-ден аса зерттеу жүргізілген. Сондай-ақ балаларға арналған кейбір функциялардың болмауынан Ақмола облысына, Астанаға және көрші Ресейге баратын. Бұл қондырғы барлық қажетті опциямен, бағдарламамен қамтылған. Онымен науқастың жасы мен ауруына қарамастан ағзаның барлық мүшесіне зерттеу жасауға болады», - дейді Нұрлан Айманов.


Бұл қондырғы ересектерді де қабылдай алады, бірақ бірінші кезекте басымдық балаларға берілмек. СҚО әкімі Айдарбек Сапаров облыстық көпсалалы балалар ауруханасында болып, жаңа қондырғыны көрді.

«Аурухана дәрігерлеріне жүктеме көбеймеуі үшін қосымша маман тарту керек. Бұл қондырғы қажет болса үш ауысыммен жұмыс істесін. Сонда кезек те болмайды. Ақша бөлініп жатыр, қажетті қондырғылар алынуда. Соны дұрыс қолдану керек. Халық нәтижесін көруі тиіс», - деді Айдарбек Сапаров.