СҚО-да баласына дұрыс тәрбие бермеген 50 ата-ана жазаланды

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ювеналдық полицейлер Петропавлдағы Вокзал ауданы, «Уют», Косогор аудандарында болып, полицияның есебінде тұрған отбасыларды аралады. Тәртіп сақшыларымен бірге кешкі тексеріске қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің өкілдері, сондай-ақ волонтерлер қатысты.
«Есепте тұрған отбасыларды аралаудағы мақсат – ата-аналар мен олардың балалары тарапынан жасалатын және оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Акция 5-13 тамыз аралығында өтеді. Шара барысында кәмелетке толмаған балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған аналарға, екі отбасыға – кеңсе тауарын және азық-түлік апарылды. Профилактикалық әңгіме жүргізілді», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Петропавлда «Балалар профилактикасы және бақылау» акциясына 80-нен аса кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар, учаскелік инспекторлар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылған. Ювеналдық полиция бөлімшесі акция аясында «Тыйым салынған, жасауға болмайтын» бес қағида» арнайы жаднама әзірлеп, дайындады. Онда тезис түрінде баланың үлкен қалада жазатайым оқиғағаның құрбанына айналмаудың жолы туралы басты ұсыныстар жазылған.
Акция басталғалы облыс полицейлері есепте тұрған 2170 адамды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексерді: оның ішінде 228-і шартты түрде мерзімінен бұрын босатылса, 431-і бұрын сотталғандар, 378-і тұрмысы төмен отбасылар. Нәтижесінде 24 құқықбұзушылық анықталды. 50 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды – олардың бәрі кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағандар.