СҚО-да балық аулауға кеткен жігіттің денесі 5 күннен кейін табылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында іздеу жарияланған Болат Ақиевтің денесі табылды. 31 жастағы ер адам балық аулауға кетіп, жоғалған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Болат Ақиевтің 6 қаңтар күні Шал ақын ауданы Ступинка елді мекенінің маңындағы көлге балық аулауға кетіп, содан үйіне қайтып оралмағанын айтқан едік.
31 жастағы жігіт Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка тұрғыны болып шықты.
Волонтерлер әлеуметтік желіде жоғалған ер адам жайында ақпарат пен фотосын жариялады. Алайда ол жайында көрген-білгендер болмады.
Болат Ақиевті іздеуге еріктілер, полицейлер жұмылдырылды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамынан 13 маман, 3 техника үш күн бойы жоғалған адамды іздеді.
Нәтижесінде 11 қаңтар күні Болаттың денесі сол маңнан түс ауа табылды.
Шал ақын ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, жігіттің мүрдесі ауылдан 3 км, көлден 4-5 шақырымдай қашықтықта қар үстінде жатқан жерінен табылған.
Сол күні онымен бірге Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның тағы екі тұрғыны болған.
Алайда кешкі сағат 23.00 шамасында Болат Ақиев белгісіз бағытта кетіп қалған. Істің мән-жайы анықталып жатыр.