СҚО-да баскетболшы Игорь Нанаевтың өліміне қатысты іс сотқа жіберілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат -Баскетболшы Игорь Нанаевты өлтірді деген күдік тағылып отырған 5 адам 11 қаңтар күні сот алдында жауап береді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

СҚО-да баскетболшы Игорь Нанаевтың өліміне қатысты іс сотқа жіберілді

«Петропавл қалалық сотына Қайбаров  Д. Ж., Мақатов  Б. К., Әскеров  Ж. Е., Меңдібаев А. М., Еламан О. Ж. қатысты қылмыстық іс келіп түсті. Сотқа дейінгі тергеу органдары оларды жәбірленуші Македонов А.А., Антропов А.Н. және Нанаев И.В. қатысты бірқатар қылмыстар жасады деп айыптауда», - деді соттың баспасөз қызметінен.

Сотталушылар топ болып ұйымдасып, абайсызда Игорь Нанаевтың өліміне әкеп соққан бұзақылық жасады және қасақана денсаулыққа ауыр зардап келтірді деп айыпталуда.

Баскетболшы Игорь Нанаев 10 қазан күні Петропавлдағы облыстық ауруханада жан тапсырды. Жергілікті «Барс» клубының мүшесі қазанның 2-сінен 3-іне қараған түні түнгі клубта болған төбелес кезінде ауыр жарақаттар алған болатын. Спортшы өліміне байланысты жүздеген адамнан жауап алынды. Күдіктілер арасында СҚО колледждерінің студенттері де бар.