СҚО-да бес күннің ішінде 26 мас жүргізуші ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да бес күннің ішінде 26 мас жүргізуші ұсталды

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қауіпсіз жол» операциясы барысында жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері мотоциклді құжатсыз басқарған жүргізушіні ұстады. Облыс аудандарының бірінде тұратын 21 жастағы жігіт Жұмысшы кентінде жүргізуші куәлігінсіз, ешқандай құжатсыз жүрген. Мән-жайды анықтау барысында мотоциклші сау болған, көлік өзінікі болғанымен, ресімделмеген екен.

Заң бұзушыға хаттама толтырылды, профилактикалық әңгіме жүргізілді. Жалпы «Қауіпсіз жол» іс-шарасы басталғалы жолда жүру ережесін бұзған үш мотоциклші анықталды.

СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, жаз кезінде жолда көлік санының артады. Мотоциклдер, велосипед пен самокаттарға көлік жүргізуде тәжірибесі аз жастар мен жасөспірімдер отырады. Апаттардың алдын алу мақсатында облыста он күн бойы облыстық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталған бес күннің ішінде жолда жүру ережесін бұзудың 2,3 мың фактісі анықталды. Көлікті мас күйде басқарған 26 жүргізуші ұсталды. Жылдамдықты асырғаны үшін 196, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 74 жүргізуші жазаланды. Қауіпсіздік белдігін тақпаудың 306 факті тіркелген, сондай-ақ рөлде телефон пайдаланудың 225 дерегі анықталды.

Жалпы іс-шараға күнделікті 400-ден астам полицей тартылады. Операция 11 шілдеде аяқталады.

Биыл СҚО аумағында 80 жол-көлік оқиғасы тіркелген, салдарынан 12 адам қаза тауып, 99-ы түрлі дәрежедегі жарақат алды.