СҚО-да «биг бэг» өндірісі қолға алынды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жұмсақ контейнерлер шығарыла бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да «биг бэг» өндірісі қолға алынды

Жаңа кәсіпорын бұған дейін бос тұрған ғимараттарда орналасатын болады. Бұл жайында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Өңірдегі ірі кәсіпорындар карантинге қарамастан жұмыс істеп жатыр. Ол жерлерде карантин талаптары қатаң сақталған. Жұмысшылардың дене қызуы өлшенеді, қызметкерлері үйден жұмысқа автобустармен тасымалданады. Ғимарат үнемі санитарлық және дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Облыста орта-шағын бизнес субъектілері мен шағын кәсіпорындар ғана уақытша жұмысын тоқтатты. Өйткені оларда келіп-кететін халық көп, қадағалай мүмкін емес», - дейді Құмар Ақсақалов.


Уақытша қиындықтарға қарамастан өңірде маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бос тұрған ғимараттар қалпына келтіріліп, ол жерлер жаңа өндіріс орындарына берілген. ⠀

«Жақында Петропавлда «биг бэг» шығаратын жаңа кәсіпорын жұмысын бастайды. Жұмсақ контейнерлер түрлі өнімді – дәнді дақылдарды, құрылыс материалдарын сақтау үшін қолданылады. Инвесторларға бос тұрған үш ғимаратты ұсындық. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метр. Олардың біреуі жөнделді, қалған екеуі қалпына келтіріліп жатыр. Мемлекет қажетті инфрақұрылымды ғимараттарға тартып береді», - деп жазды облыс әкімі.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, инвесторлар бұл жобаға 600 млн теңге жұмсамақ. Жаңа фабрикаға 135 адам жұмысқа қабылданады. Олар жылына 1,5 млн «биг бэг» шығаратын болады.