СҚО-да биг-бэг өндірісін жолға қойған зауыт келер жылы толық қуатында іске кіріседі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда карантин кезінде жаңа өндірісті – биг-бэг шығаруды қолға алған кәсіпорынның ісі өрге басып, қазіргі уақытта жұмысшылар санын көбейтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«SMBGROUP Family» ЖШС биыл сәуір айында биг-бэг шығаратын зауытты ашты. Биг-бэг, яғни сусымалы өнімге арналған полипропилен қаптары негізінен құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында, тау-кен өндірісінде қолданылады. Бір қапқа 1,5 тонна өнім сыяды. Ал биг-бэгке қолданылатын материал жауын-шашынға, ылғалға, кез келген температураға төзімді келеді.
«Карантин бізге кедергі болған жоқ. Қазір даму үстіндеміз. Жаңа қондырғыға тапсырыс бердік. Кәсіпорынның қуатын арттырып жатырмыз. Карантин уақытында бірде-бір адамды қысқартқанымыз жоқ. Керісінше штатты үлкейтіп, жұмысқа мамандарды алып жатырмыз. Еңбекақыны кешіктіргеніміз жоқ, жұмыс процесі үзілмеді», - дейді «SMBGROUP Family» ЖШС бас директоры Азамат Елеусізов.

Жаңа өндірісті ашпас бұрын кәсіпкерлер бес жылға жуық нарықты зерттеген. Мұндай қаптар қазіргі уақытта Қазақстанның төрт өңірінде ғана шығарылады. Сұраныс жоғары.
Мамандардың айтуынша, елдегі биг-бэгке қажеттіліктің 60% Ресей өтеп отыр.
«Толық қуатта жұмыс істеуге көшкен жағдайда жұмысшылардың саны қазіргі 90-нан 130-ға жетеді. Мемлекеттің қолдауымен кәсіпорынға инфрақұрылымды тартпақшымыз. Өтініш бердік. Қажетті жобалық-сметалық құжаттар дайын. Сараптамадан өттік. Сондай-ақ мемлекеттің көмегімен ғимаратқа жылу желісін тартуды жоспарлап отырмыз», - дейді Азамат Елеусізов.

Кәсіпкерлер биг-бэг өндірісін жолға қою үшін облыс орталығында он жылдан артық бос тұрған үш ғимаратты сатып алды. «Даму-Өндіріс» жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету бағдарламасы аясында 6% мөлшерлемемен 300 млн теңге шамасында несие алды. Шығарылатын өнімнің сапасы жоғары, қапшықтар бір-біреуінің құны 6 мың доллар тұратын жапондық тігін машинасымен тігіледі. Ал шикізат Ресейден жеткізіледі. Жақында кәсіпорынға жаңа қондырғылар жеткізілмек.
Жалпы биг-бэг шығаратын зауыт 2021 жылы толық қуатында жұмыс істеуге көшпек.
