СҚО-да биыл 1,4 мың км республикалық жол диагностикадан өтті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар жолдардың 131 шақырымына күрделі жөндеу қажет. Бұл биыл жол желісіне жүргізілген ауқымды диагностика барысында анықталды.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде республикалық маңызы бар автожолдардың 1,4 мың шақырымы диагностикалық тексерістен өтті. Жоспарлы жұмыс барысында кепілді мерзімі бітпеген учаскелер де тексерілді.
«Диагностика жүргізуге жылжымалы жол зертханасы қолданылды. Бұл нысан заманауи арнайы қондырғылармен жарақтандырылған. Әр тексеріс алдында техника калибрлеуден өтеді. Диагностика барысында мамандар жолдың геометриялық параметрлерін, серпімділік көрсеткішін, еңістерді және жабынның басқа да ақауларын есепке алады. Сондай-ақ IRI халықаралық индексі бойынша жол тегістігі және көлік қозғалысының қарқындылығы тіркеледі. Барлық деректер бойынша GPS координаттар беріледі, бұл анықталған ақаулар мен жөндеуді қажет ететін жерлердің орнын дәл анықтауға мүмкіндік береді», - дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚО филиалының мемлекеттік есепке алу инженері Еркен Әбілмәжінов.
Маманның айтуынша, диагностика қорытындысы шығарылып, жөндеу жұмысының түрлері мен көлемі бойынша ұсынымдары бар егжей-тегжейлі есептер қалыптастырылады. Кейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне жіберіледі. Олардың негізінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жол желісін жөндеу бойынша жоспар әзірлейді.
«Биыл 197,69 шақырым кепілдік учаске және 1236 шақырым жол зерттелді. Нәтижесінде біздің филиал республикалық жолдың 199,1 км орташа жөндеу және 131,2 км күрделі жөндеу жүргізуді ұсынды. Мұндай диагностика маңызды, бұл - республикалық жол желісінің сапасын арттырып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет», - дейді Еркен Әбілмәжінов.
Бұған дейін СҚО-да «Аңсаған сәби» бағдарламасының көмегімен биыл алғашқы үшемнің дүниеге келгенін жазған едік.