СҚО-да биыл 200 жасөспірім спирттік ішімдік ішіп ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылы қарсаңында өңірдегі әр мектепке жауапты полиция қызметкерлері бекітілді.

 Абай облысында түнгі рейд кезінде 409 жасөспірім полицияға жеткізілді
Фото: Абай облысы ПД

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жаңа оқу жылындағы балалардың қауіпсіздігі сөз болды. Жоспар бойынша 1 қыркүйек күні Полиция департаментінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мектептерде оқушыларға профилактикалық дәрістер өткізеді. Кездесулер барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздік ережелерін сақтау және балалардың дұрыс мінез-құлқын қалыптастыру мәселелеріне басымдық беріледі.

Ал бірер күннен кейін Полиция департаментінің басшылығы ата-аналармен үлкен жиын өткізіп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді талқыламақ.

— Өңірде «Балаларға назар аударыңыз!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның мақсаты — балалар арасындағы құқық бұзушылықтың және оларға қатысты қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мәселен жыл басынан бері заңнама талаптарын бұзғаны үшін 3 780 жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.

Полицейдің айтуынша, ең жиі кездесетін құқық бұзушылық — жасөспірімдердің түнгі уақытта ересектерсіз жалғыз жүруі. Жыл басынан бері мұндай 2 378 факт анықталған.

Сонымен қатар ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамауы бойынша 976 дерек тіркелген. Кәмелетке толмағандардың алкогольдік ішімдік ішуіне байланысты — 200, ұсақ бұзақылық бойынша — 153, ал жасөспірімдерді ойын-сауық орындарына кіргізуге қатысты 30 факт анықталған.

Полиция ата-аналарды жасөспірімдердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды ескертеді. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, балалардың сағат 23:00–ден 06:00–ге дейін заңды өкілінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүруіне жол берілмейді.

Ал ойын-сауық орындарының өкілдері кәмелетке толмағандардың мұндай нысандарда 22:00–ден 06:00–ге дейін болуына жол бермеуі тиіс. Бұл талаптарды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Полиция өкілдері баланың қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының міндеті емес екенін ата-аналардың бақылауы мен жауапкершілігі де маңызды екенін атап өтті.

Бұған дейін СҚО-да жасөспірімдер арасындағы қылмыс 41 пайызға өскенін жазған едік.