СҚО-да биыл 4,5 млрд теңгеге 40 білім беру нысаны күрделі жөнделеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және қолжетімді ету бойынша кешенді шаралар жүргізіліп жатыр.

СҚО-да биыл 4,5 млрд теңгеге 40 білім беру нысаны күрделі жөнделеді
Фото: СҚО әкімдігі

СҚО әкімдігінің мәліметінше, шілде айында Петропавлдағы «Береке» шағын ауданында 600 орындық жаңа мектеп ашылады. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында бой көтерген нысанда: қасбетті қаптау, едендерді төсеу, сыртқы және ішкі инженерлік желілерді тарту сияқты негізгі жұмыс атқарылды. Мектеп соңғы техникамен және білім беру стандарттарымен жабдықталады. Мұнда физика, химия, биология және информатика бойынша жаңа модификациядағы оқу кабинеттері, STEM-зертхана, робототехника сыныптары, практикалық сабақтарға арналған шеберханалар, кең спорт залдары болады. 

Биыл жалпы СҚО-да 4,5 млрд теңгеге 40 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтпек. Оның ішінде 30 мектеп, 2 балабақша және 4 колледж бар.

Сонымен қатар, 1,9 млрд теңгеге 41 білім беру нысанында ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Оның ішінде 3 балабақша, 19 мектеп, 3 жазғы лагерь, 13 колледж және жетім балаларға арналған 3 ұйым бар. 

Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 5,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа интерактивті панельдер, компьютерлер, оқулықтар, жылыту қазандықтары, мектептерге, балабақшаларға, кітапханалар мен колледждерге арналған жиһаз, спорттық құрал-жабдықтар, пәндік кабинеттер, сондай-ақ мектеп асханалары мен колледждерге жабдықтар сатып алынбақшы. 

Бұған дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына өзгерістер енгізілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар