СҚО-да биыл 700-ге жуық нысан мүгедектігі бар адамдарға бейімделді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 678 әлеуметтік нысан бейімделді. Бұдан бөлек Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті тексеру жүргізіп, заңбұзушылықтарды жоюға 51 ұйғарым берді. 

СҚО-да биыл 700-ге жуық нысан мүгедектігі бар адамдарға бейімделді
Фото: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар бар. Сондай-ақ «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы қолға алынған.

«Amanat» партиясының интерактивті қолжетімділік картасына 35 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс енгізілген. Жыл сайын объектілердің 20% бейімделуі тиіс. Қазіргі уақытта ел бойынша 16 541 нысанда тиісті жұмыс атқарылды. 

Ал, осы жылдың соңына дейін СҚО бойынша 634 нысанды бейімдеу жоспарланса, өңірде жұмыс артығымен орындалып, 678 нысан мүгедектігі бар адамдарға бейімделді. Оның ішінде мемлекеттік ұйымдар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, сауда және қызмет көрсету нысандары бар. 

«2024 жылдың наурыз айында мен департаментке «Горизонт» сауда үйі мен «Квартал» бизнес-орталығы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді еместігін айтып, жазбаша ескертулермен жүгіндім. Менің өтінішім бойынша департамент қызметкерлері жоспардан тыс тексеру жүргізді, нәтижесінде ескертулерді жою бойынша шаралар қабылданды. Бірінші топ мүгедектігі бар азамат ретінде мен Петропавл, жалпы облыс бойынша жақсы жұмыс жүргізіліп жатқанын көріп отырмын», - дейді «Ардос-Жүрек» ҚБ басшысы Кәрім Ақжан.

Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау аясында Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті биылғы 8 айда мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына 67 тексеру жүргізді, оның ішінде: 22 – жоспардан тыс тексерур, 36 – профилактикалық бақылау және прокуратураның талабы бойынша 9 тексеру. 

Нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 51 ұйғарым беріліп, 2 млн теңгеден астам сомаға 7 әкімшілік айыппұл салынды. 

Бұған дейін Петропавлды сумен қамту 1,5 тәулікке тоқтатылатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар