СҚО-да биыл 8 сүт-тауар фермасы пайдалануға берілмек

мал шаруашылығы
Фото: СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысына Германия мен Дания корольдігінен асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілді. Сауын сиырлар жаңадан ашылған сүт-тауарлы фермаларға алынып жатыр.

Асыл тұқымды ірі қара малдың алғашқы партиясы — 34 бас голштино-фриз сиыры СҚО Қызылжар ауданы «Молодое-агро» ЖШС жеткізілді. Қазір карантинде тұр.

Оған дейін шаруашылық Архангелка елді мекенінің маңында салынып жатқан сүт-тауарлы фермасының құрылысын аяқтап, пайдалануға бермек.

Жаңа ферма 200 бас ірі қара малға шақталған.

ірі қара
Фото: СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

«Сүт-тауарлы фермалардың ауылдарда ашылуы әлеуметтік-экономикалық серпін береді. Бұл жобаның іске қосылуымен 20 адам тұрақты жұмысқа алынбақ. Голштино-фриз тұқымы сүтті, тез жерсінеді. Инвестициялық жоба аясында тағы 150 сиыр сатып әкелінеді. Нәтижесінде жылына 1200 тонна сүт алынбақ», — дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Шақанов. 

Осындай асыл тұқымды мал бірер күн бұрын Дания корольдігінен Шал ақын ауданындағы «LTD Zha-Group» сүт-тауарлы фермасына жеткізілді.

136 бас мал шілдеге дейін карантинде болмақ. Өйткені нысан осы уақытта пайдалануға беріледі. 

«СҚО — сүт-тауарлы фермаларды салудан ел бойынша көшбасшы. Соңғы 6 жылда 36 осындай ферма салынды. Биыл тағы 8-і пайдалануға беріледі. Бұл сүт өндіруді арттырып, жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді», — дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев. 

ірі қара
Фото: СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Ауыл шаруашылығы ведомствосының мәліметінше, соңғы үш жылда өңірдің сүт өндіру кәсіпорындары жылдық қуатын 388,8 мың тоннадан 451,3 мың тоннаға, яғни шамамен 14% арттырды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum