СҚО-да биыл автомобиль көлігі саласында 50 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

айыппұл
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы жыл басынан бері 2 мыңнан астам көлікті тексеріп, 475 әкімшілік іс қозғады.

Ведомствоның міндеті – қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және автомобиль жолдары желісінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бақылауды жүзеге асырады. Бұл жұмысты 3 жылжымалы бекет арқылы инспекцияның автомобиль көлігіндегі бақылау бөлімінің 11 маманы жүзеге асырады.

«Жыл басынан бері барлығы 2095 автокөлік құралы тексерілді, оның 1546 шетелдік, қалғаны отандық жүк көліктері. Заң бұзушылық фактілері бойынша инспекция қызметкерлері автомобиль көлігі саласында 475 әкімшілік іс қозғады. 49,64 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Республикалық бюджетке автокөлік құралдары иелерінен жол жүргені үшін 2,35 млн теңге мөлшерінде алым түсті», - дейді СҚО бойынша Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Абылай Қазбаев.

СҚО Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының деректері бойынша облыс аумағында тіркелген жүк көліктерінің жалпы саны – 7494, оның ішінде рұқсат етілген ең жоғары салмақ – 20 тонналық және одан асатын самосвалдар саны – 1435.

«Талдау барысында елімізде рұқсат етілген салмақ параметрлерінен асатын жүк көліктерінің басым бөлігі автомобиль жолдарын салу және қалпына келтіруге қолданылатынын анықтадық. Негізінен Қытайда жасалған самосвалдар жолдардың кейбір учаскелерін жөндеу үшін инертті материалдарды тасымалдаса, сондай-ақ жолдардың басқа учаскелерін зақымдап жатыр. Сондықтан мұндай фактілерге жол бермеу үшін тапсырыс берушілер мердігерлермен шарт жасасқан кезде мұны ескеріп, ауыр салмақты самосвалдарды тартуға жол бермеуді ұсынамыз», - дейді Абылай Қазбаев.

Қазіргі уақытта СҚО аумағында қиыршық тас, құм, саз және басқа да инертті материалдар өндірілетін 14 ірі карьер жұмыс істейді. Инспекция мамандары рұқсат етілген параметрлерден асып кеткені үшін жүк жөнелтушілерге қатысты 22 әкімшілік материал толтырды.

Бұдан бөлек ауыр салмақты және ірі габаритті жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін жүк жөнелтушілерге қатысты 27 әкімшілік іс қозғап, 9,4 млн теңге сомасында айыппұл өндіріп алды.

Бұған дейін СҚО-да жол мамандары төселген асфальттың тез бұзылу себебін түсіндірген еді.

Соңғы жаңалықтар
telegram