СҚО-да биыл бес жүзге жуық адам қоқыс үшін айыппұл төледі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері абаттандыру ережесін бұзудың 12,5 мыңнан астам дерегі анықталды.

қоқыс
Фото: СҚО ПД

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық бұзушылардың басым бөлігіне ескерту жасалған, тек 478-іне ғана айыппұл салынған. Жұмыс «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүргізіліп жатыр. Полицейлер елді мекендердің санитариялық жағдайын бақылап, стихиялық қоқыс орындарын анықтау және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін тұрақты түрде рейдке шығады.

ы
Фото: СҚО ПД

Осындай бір рейд барысында Петропавлдағы Жұмысшы кенті маңында полицейлер айналма жол бойындағы учаскеге ірі көлемде құрылыс қалдықтарын жинаған тұрғынды анықтады.

ы
Фото: СҚО ПД

53 жастағы Сергей Классин құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленбеген жерге төккен. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бап бойынша абаттандыру ережелерін бұзған жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Тұрғын өз кінәсін мойындап, қоқысты арнайы белгіленген полигонға шығарды.

қоқыс
Фото: СҚО ПД

- Рейд барысында тұрғындармен, кәсіпорындар және ұйымдардың өкілдерімен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, аумақтарды күтіп-ұстау талаптары түсіндіріледі. Сондай-ақ тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратылады. Ал заңсыз қоқыс үйінділері, аумақтардың ластануы немесе басқа да құқық бұзушылықтар туралы 102 нөміріне хабарлауға болады, - дейді тәртіп сақшылары.

Бұған дейін СҚО-дағы Бескөл маңындағы ормандарда қоқыс үйінділері пайда болғанын жазған едік.