СҚО-да биыл еңбек заңнамасын бұзғандарға 13 млн теңге айыппұл салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Власовка елді мекеніндегі шаруашылықтардың бірінен еңбекақыларын ала алмай жүрген екі механизатор Kazinform тілшісіне хабарласып, көмек сұрады.  

СҚО-да биыл еңбек заңнамасын бұзғандарға 13 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Родион Кубрин «Grain Rich» ЖШС-де механизатор болып 1,5 жыл жұмыс істеген. Шілде айының ортасында жұмыстан кеткен. Содан бері, айтуынша, еңбекақысын толық ала алмай жүр.

«Бұл шаруашылықта үнемі еңбекақыны кешіктіреді. Сол себепті басқа жұмыс іздеуіме тура келді. 18 шілде соңғы жұмыс күнім болды. Өтінішіме қол қойды, еңбек кітапшамды қолыма ұстатты. Ал, еңбекақым жоқ.

Зейнетақы қорына жасалған аударым бойынша байқасам, маусымда 465 мың теңге тауыппын, шілдедегі еңбекақымды білмеймін, сұрасам жауап бермейді.

Әйелім сауыншы болып істеген, оған да еңбекақысын берген жоқ», - дейді Родион Кубрин.

Ал, Виктор Волощуктың айтуынша, ол бұл шаруашылықта 2,5 жыл механизатор болып еңбек еткен.

«Баспана беріп, сол үшін осы аралықта 1,6 млн теңге төледім. Енді басқа шаруашылыққа кетіп жатырмын. Үйге төлеген ақшамды қайтармай отыр, еңбекақымды да ала алмай жүрмін», - дейді Виктор Волощук.

«Grain Rich» ЖШС директоры Владимир Гердт осы мәселеге қатысты түсінік берді. Материал әзірленіп жатқанда жұмысшыларға маусым айының еңбекақысы толық түсті.

«Ия, бұл екі механизатор жұмыстан кетті. Алдын ала ескертпестен біз кетеміз деді, ол дұрыс емес қой. Заң бойынша бір ай немесе екі апта жұмыс істеп, сосын кетсін. Олар егін орағы алдында техниканы тастап, кетіп отырды. Адам сияқты келіп сөйлессе, түсіндірсе. Еңбекақыны қашан бересің деп смс хабарлама жазып жіберіпті.

Бізде әлеуметтік пакет қарастырылған. 12 ай істесе, еңбек демалысы төленеді. Баспанамен қамтимыз.

Волощук келгенде де баспана бердік, келісім бойынша ол кемінде 5 жыл біздің шаруашылықта жұмыс істеуі керек еді.

Осы аптада еңбекақы бойынша берешектен құтыламыз», - деді Владимир Гердт.

СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың 7 айында инспекция өңірдің кәсіпорындары мен ұйымдарына 213 тексеріс жүргізіп, еңбек заңнамасын бұзудың 150 дерегін анықтады. 

«Жұмыс берушілерге анықталған заң бұзушылықтарды жоюға 96 ұйғарым берілді. 71 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 13,1 млн теңгенің айыппұлы салынды. 

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 251 жұмысшыға 63,2 млн теңге еңбекақы бойынша берешектің барлығын анықтады. 33 кәсіпорынға 2 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - делінген ведомствоның тілшіге берген жауабында.

Бұған дейін СҚО-да білім беру саласының үш лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылғанын жазған едік.