СҚО-да биыл қар биіктігі де, ылғал мөлшері де былтырғыдан төмен
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында синоптиктер қар қалыңдығын, ондағы су мөлшерін және жер қыртысының қату деңгейін есептеді.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалы ұсынған мәліметке сәйкес, биыл Шал ақын, Қызылжар, М.Жұмабаев және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда қар қалың жауған, мұндағы метеостанция орналасқан аумақта қар биіктігі 40 см-ге дейін жетеді. Былтыр осы уақытта қар қалыңдығы М.Жұмабаев ауданында - 47 см, Қызылжар, Есіл аудандарында 44-45 см болған. Бұл көпжылғы көрсеткіштен жоғары, норма - 28 см.
Биыл қар жамылғысындағы ылғал да көпжылдық көрсеткіштен кей жерлерде шамамен екі есе жоғары. Мәселен, Шал ақын ауданында биыл қардағы су мөлшері 96 мм болса, норма - 54 мм. Десек те, Жамбыл, Мамлют аудандарында қардың сумен қанығуы жылдағыдан 8-10 мм төмен. Былтыр Есіл ауданында қар жамылғысындағы судың мөлшері 128 мм, М.Жұмабаев ауданында 136 мм-ге дейін жеткен.
Ал Шал ақын ауданында синоптиктер 106 мм-ді тіркеген.
Мамандар 2024 жылдың 4 қарашасы мен 2025 жылдың 30 қаңтары аралығындағы жауын-шашын мөлшерін есептеді. Биыл Мамлют ауданында 108 мм қар жауған, көпжылғы көрсеткіш – 67 мм. Айыртау ауданында 107 мм болса, норма - 84 мм. Дегенмен, бұл былтырғымен салыстырғанда анағұрлым төмен. Мәселен Айыртау ауданында қысқы жауын-шашын мөлшері -152 мм, ал Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда көпжылдық көрсеткіш 56 мм болса, былтыр 187 мм, Қызылжар ауданында 59 мм нормада 171 мм болған.
Биыл өңірде қыс жылы, сондықтан жер қабаты тереңге қатпаған. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 15 см-ге ғана, М.Жұмабаев ауданында 18 см-ге қатқан. Былтыр Уәлиханов ауданында топырақ 1,5 метрге қатса, биыл көрсеткіш шамамен екі есе төмен – 81 см. Ақжарда – 65 см, М.Жұмабаев ауданында 77 см, Тайыншада 78 см қатқан. Бұл былтырғыдан екі есе аз.
Бұған дейін СҚО-да тасқыннан зардап шеккендерге үй салған компанияларға 400 млн теңге төленбегенін жазған едік.