СҚО-да биыл «күміс жас» жобасы аясында 200-ден астам адам жұмысқа орналасты

жұмыспен қамту
Фото: Шахтинск қаласының әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында «күміс жас» жобасы нәтиже беріп жатыр. Үш жылда жұмыссыз жүрген 600-ден астам адам осы бағдарламаның игілігін көрді.

СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанда алғаш рет 50 жастан асқан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін «Күміс жас» жобасы іске қосылды. Жоба аясында азаматтарға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі. Мәселен зейнеткерлік жасқа жақындаған адамды жұмысқа алған жағдайда 3 жыл бойы жұмыс берушіге еңбекақы мөлшерінің 60-70%, кемінде 30 АЕК - 110 760 теңге бюджеттен субсидияланады.

Жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамдарды кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналастырады. Егер зейнеткерлікке дейін кемінде 2 жылдай уақыт қалған жағдайда жұмыс беруші оны зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жұмыспен қамтуға міндетті. 

«Күміс жас» жобасы қолға алынғаннан бері СҚО-да 50 жастан асқан 600-ден астам жұмыссыз азамат жұмысқа орналастырылды. Биыл 222 адам жұмысқа алынды, тағы 58 тұрғынды жұмысқа орналастыру жоспарланған. 

«Мен 61 жастамын. Білімім бойынша тәрбиешімін. Әр түрлі мекемелерде жұмыс істедім, кейін қысқартуға іліктім. Мен жұмыссыз болғандықтан, жұмыспен қамту органдарына жүгіндім. Бұл жерде бірнеше жұмыс ұсынды және «күміс жас» жобасына қатысуыма болатындығын айтты. 

Жоба аясында «Әбішева» жеке кәсіпкерлігінде қонақүй қызметтерінің әкімшісі ретінде жұмыс істеп жатырмын. Осы жерден зейнет демалысына шығамын», - дейді М. Жұмабаев ауданының тұрғыны Раиса Шаймұратова. 

Жобаға қатысу үшін жұмыс іздеген адамдар немесе жұмыс берушілер тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына жүгіне алады немесе «Электрондық еңбек биржасы» порталы арқылы өздігінен өтінім бере алады.

Бұған дейін Шымкентте белсенді жастардың Қарттар үйінің ауласын қоқыстан тазартқанын айтқан едік

Соңғы жаңалықтар