СҚО-да биыл мыңға жуық жасөспірім қызға АПВ-ға қарсы вакцина егілді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы жоспарлы вакцинация аясында 957 қызға екпе салынды.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, АПВ — адамның терісі мен ауыз қуысын және жыныс мүшелерінің шырышты қабаттарын зақымдайтын өзара ұқсас вирустардың 200-ден астам түрі, ол кең тараған. Ол қол алысу, сүйісу, сондай-ақ терідегі зақымданулар арқылы, жыныстық жолмен, сондай-ақ анадан балаға босану кезінде жұғуы мүмкін. Кейбір онкогенді түрлері ұзақ уақыт ағзада сақталып, жатыр мойны обырының дамуына әкеледі. Вирус ылғалды ортада тез таралатындықтан, сауна, монша, спортзал, дәретхана, бассейн сияқты қоғамдық орындарға барған кезде сақтық шараларын сақтау қажет.
— Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар ішінде сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Қазіргі таңда АПВ-ны толық жоятын емдеу тәсілі жоқ, сондықтан алдын алудың жалғыз тиімді әдісі — вакцинация, — дейді Әсет Жұматаев.
Бүгінде Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған 4-валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады. Вакцина иыққа бұлшықет ішіне егіледі.
2026 жылдың басынан бері облыста 11–13 жас аралығындағы қыздарға екпе салынып келеді. Биыл 503 қыз бірінші дозаны, 454 қыз екінші дозаны алған. Егілгендер арасында ешқандай қолайсыз жағдай тіркелмеген.
Маманның айтуынша, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, енді 14-17 жас аралығындағы қыздарға да қосымша вакцинация жүргізіледі. Бұл вакцина үш кезеңмен: алғашқысы доза таңдалған күні, екіншісі — екі айдан кейін, үшіншісі — алты айдан соң егіледі.
Вакцинация мектептердің медициналық кабинеттерінде және емханаларда ата-ананың келісімімен тегін жүргізіледі.
— АПВ-ға қарсы вакцина әйелдердің репродуктивті денсаулығына әсер етпейді және бедеулікке әкелмейді. Бұл халықаралық зерттеулермен дәлелденген. Қыздарыңызды АПВ-ға қарсы вакцинациялау арқылы сіздер олардың болашақ денсаулығын қорғауға үлес қосасыздар, — дейді Әсет Жұматаев.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялауға жататын қыздардың жас санатын кеңейткенін жазған едік.