СҚО-да биыл сапасыз медициналық қызметке қатысты 100-ге жуық шағым түскен

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда 28 мың тұрғыны бар Жұмысшы кентінде бір ғана жекеменшік медициналық мекеме жұмыс істейді. Салдарынан халық тиісті көмекті ала алмай отыр.

СҚО-да биыл сапасыз медициналық қызметке қатысты 100-ге жуық шағым түскен
Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

«AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін талқылады. Мәселе бар. Петропавлдың кей аудандарында қажетті маман ғана емес, тіпті емхана да жетіспейді. 

Депутат Юлия Пронинаның айтуынша, қала тұрғындары медициналық қызметтің сапасына қатысты жиі шағымданады. Адамдар тар бейінді мамандардың жетіспеушілігін, қарапайым анализдерді тапсырудың, стоматологиялық қызметтерді алудың немесе рентгенге түсудің мүмкін еместігін айтады. Әйтсе де олар ай сайын медициналық сақтандыру қорына аударымдар жасайды. Әсіресе облыс орталығының Жұмысшы кентіндегі жағдай өте күрделі. 

- Жұмысшы кентінде 28 мың адам тұратынына қарамастан, медициналық көмекті тек бір ғана жеке мекеме – «MedicaLine» көрсетеді. Алайда бұл мекемеге тұрғындардың шағымы өте көп. 

Біз халыққа бағдар беруіміз керек. Жағдай ушығып барады. Мысалы, әкімшілік қызметтегі бір азамат «Мен МӘМС жарнасын төлемеймін, ақшамды қайтарыңдар» деді. Кей медицина қызметкерлерінің өзі «Ақшамызды қайтарып алып, қызметті басқа жерден алсақ бола ма?» деп сұрайды, - дейді Юлия Пронина.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мамадияр Байғұлов мәселе барын мойындады. Оның айтуынша, басты себеп – кадр тапшылығы. Проблеманы шешу үшін өңірге келген жас дәрігерлерге 8 млн теңгеге дейін көтерме ақы беріледі. Сонымен қатар қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып жатыр. 

- Аққайың ауданында бізде невропатолог, кардиолог жетіспейді. Біз қалада дүйсенбіден жұмаға дейін жұмыс істейтін мамандармен келісімге келдік. Енді олар сенбі күні таңғы сағат 9.00-ден 12.00-ге дейін, қажет болған жағдайда кешке дейін ауданға барып қабылдау жүргізеді, - деді Мамадияр Байғұлов.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Айнагүл Дәулетшинаның айтуынша, осы жылдың алғашқы үш айында ғана пациенттерден 96 шағым түскен. Былтыр бір жылда 123 шағым түскен.

- 56 шағым кері қайтарылды. Егер сырқаттарға уақытылы көмек көрсетілгенде, бұл шағымдар болмас еді. Медициналық ұйымның өзінде қажетті маман не құрал болмаса, жеткізуші қосалқы орындаушыны тартуға міндетті. Ол үшін қор базасына енген басқа медициналық ұйыммен келісімшарт жасалып, пациент сол клиникаға жіберілуі тиіс. Егер мұндай келісімшарт болмаса, пациентті осы қызмет түрі бойынша қордың басқа жеткізушісіне жіберіп, автоматты түрде келісім жасалуы керек, - деді Айнагүл Дәулетшина.

Депутаттар өз тарапынан ұсыныстар мен айтылған мәселелерді жинап, оларды уәкілетті құрылымдарға жолдайтын болды. 

Бұған дейін СҚО-да 23 мыңнан астам әйел прегравидалды дайындықтан өтетіндігін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар