СҚО-да биыл терезеден төрт бала құлап, аман қалды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы көпбейінді балалар ауруханасына осы жылдың алғашқы үш айында түрлі деңгейдегі жарақатпен 2800-дей бала жүгінген.

Терезе
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Емдеу мекемесінің травматолог-ортопед дәрігері Шыңғыс Нұрғалиевтың айтуынша, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жарақаттанған балалар саны шамамен жүзге артық. 

- Балалар жарақаты мәселесі жазғы демалыста өте өзекті. Балалар көп жағдайда ересектердің бақылауынсыз велосипед пен самокат тебеді, аулада ойнайды, су айдындарына барады. Сондықтан жазатайым оқиғалар саны дәстүрлі түрде артады. 

Жарақаттардың басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болады. Сондықтан ересектердің басты міндеті - қауіпті жағдайлардың туындауына жол бермеу, - дейді Шыңғыс Нұрғалиев.

Маманның айтуынша, соңғы уақытта велосипед, самокат тепкен балалар саны артқан.

Сонымен бірге жол-көлік оқиғалары да көбейіп отыр. Негізгі себеп - жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өту, жолды көліктен түспей кесіп өту, қозғалыс кезінде құлаққап пайдалану. 

- Көптеген жарақаттар тұрмыстық жағдайда болады. Үйде балалар ыстық сорпадан, пештен, үтіктен және жылытқыш құралдардан күйіп қалуы мүмкін. Сонымен қатар дәрі-дәрмектердің, тұрмыстық химияның, өткір заттар мен электр құралдарының қолжетімді болуы да жазатайым оқиғаларға себеп болып жатады. Сондықтан барлық қауіпті заттар балалардың қолы жетпейтін жерде сақталуы тиіс, - дейді Шыңғыс Нұрғалиев.

Сонымен қатар көпқабатты үйлердің терезелерінен балалардың құлап кету фактілері де артқан. 

- Жазда балалардың терезеден құлау оқиғалары жиі тіркеледі. Өкінішке қарай, олардың кейбірі өліммен аяқталады. Кейбір ата-аналар москит торын қауіпсіздік құралы деп есептейді. Алайда ол баланың салмағын көтере алмайды. Сондықтан терезелерге арнайы бекіткіштер мен шектеу құралдарын орнатқан жөн.

Биыл ауруханаға 2-3 қабаттан құлаған 4 бала түсті. Олар бүгінде үйлеріне жіберілді, – дейді маман.

Бұған дейін елде балалар денсаулығын сақтауға бөлінетін қаржы екі есе өскенін жазған едік.