СҚО-да биыл ұлттық жоба аясында ауылдарда 40-қа жуық медициналық нысан құрылысы басталмақ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының медициналық ұйымдары жаңа 19 санитарлық автокөлікпен толықты. Оның жартысы ауылдарға жіберілді.

медицина
Фото: СҚО әкімінің баспасөз қызметі

Медициналық санитарлық көліктер қызмет сапасын жақсарту үшін алынған. СҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісовтің айтуынша, өңірдің емдеу мекемелерінің машина паркін толық қамту үшін әлі де 52 көлік қажет. Мәселені шешу үшін қостанайлық машина шығаратын зауытпен келіссөз жүргізіліп жатыр.

«Жаңа көліктердің 12-сі - «Соболь», біреуі 24 млн теңге тұрады. Қалғаны JAC, құны 20 млн теңге шамасында. Республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. «Собольдің» төртеуін жедел жәрдем станциясына бердік. Қалғаны тұрғындарға шұғыл көмек көрсету үшін аудандарға жөнелтіледі. Аудан орталықтарында санитарлық көліктерге сұраныс жоғары. Сонымен қатар, Қостанайда құрастырылған JAC маркалі 7 көлік сатып алынды. Олар Петропавлдағы 3 қалалық емханаға берілді. Тағы біреуі Тайынша ауданының ауруханасына жіберіледі», - дейді Құмар Күсемісов.

жәрдем
Фото: СҚО әкімінің баспасөз қызметі

Медициналық санитарлық көліктердің кілтін облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетов салтанатты түрде табыстады.

«Көлік паркін жаңарту жұмысы жалғасын табады. Биыл денсаулық сақтау саласын үлкен өзгерістер күтіп тұр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдарда 38 медициналық нысанның құрылысы басталады. Бұл дәрігерлік амбулаториялар, ФАП-тар мен медпункттер. Кішкенекөл ауылында жаңа емхана ашылады. Сондай-ақ, көктемде көпсалалы облыстық аурухананың құрылысын қайта жандандыру жоспарланған», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

маман
Фото: СҚО әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімінің айтуынша, аурухана, емханаларды техникалық жабдықтау үшін биыл бюджеттен 5,1 млрд теңге бөлінген. Бұл бағытта жұмыс әлі де жалғасады. Былтыр Петропавлда екі емхана қолданысқа берілді. Ұлттық жоба аясында 8 медициналық нысан бой көтерді.