СҚО-да биыл жүзден астам тұрғынға псориаз диагнозы қойылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл 123 науқасқа псориаз диагнозы қойылды, оның 38-і ауыл тұрғыны.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл аурумен ауырғандар қатары соңғы жылдары көбейген. Мәселен, өткен жылдың 11 айы ішінде осы дерт 106 адамда анықталды.
— 2018 жылдан бастап Қазақстанда псориазды емдеу тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесіне енгізілді. Нәтижесінде ем-дом МӘМС жүйесі аясында қаржыландырыла бастады. Науқастардың гендік-инженерлік биологиялық терапияны тегін алуға мүмкіндіктері бар, — дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ директорының орынбасары Талғатбек Тлеубердин.
Псориазбен ауырған науқастар, соның ішінде «сақтандырылған» азаматтар тегін амбулаториялық ем қабылдап, қымбат «Стелара» дәрілік препаратын ала алады. Оның құны 1 млн 45 мың теңгеден бастап, 1 млн 213 мың теңгеге дейін жетеді.
— Бүгінгі күні Петропавлда тұратын 80 науқасқа жалпы сомасы 183,8 млн теңгеге 136 рецепт жазылды, ауылдағы 33 науқасқа 81,6 млн теңгенің 45 рецепті берілді. Псориаз — созылмалы жұқпайтын дерт, көбіне тері зақымданады. Ауру тері құрғап, қабыршақтанған дақтар пайда болады. Бұл ауру буындарды да зақымдап, салдарынан адам мүгедек болып қалуы мүмкін. Теріде пайда болған қабыршақты дақтар науқастың физикалық және эмоционалды жағдайына әсер етеді, ауырған адам төменшіктеп, жайсыздық сезінеді, — дейді Талғатбек Тілеубердин.
Қазақстанда, өңірлік дерматовенерологиялық қызметтердің мәліметінше, бүгінгі таңда 7 мыңға жуық адамға псориаз диагнозы қойылған. Олардың 30% аурудың орташа формалары тіркелді.
Бұған дейін СҚО-да шошқа тұмауын жұқтырғандардың анықталғанын жазған едік.