СҚО-да былтыр 1620 км республикалық жолдың сапасы тексеріліп, олқылықтар жойылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жөнделіп жатқан жолдардың 194 учаскесінде былтыр жұмыс және қолданылған материалдар сапасы тексерілді.

СҚО-да былтыр 1620 км республикалық жолдың сапасы тексеріліп, олқылықтар жойылды
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚО филиалы

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚО филиалының мәліметінше, іріктеу арқылы республикалық, облыстық, жергілікті маңыздағы жолдар және көше жолдары таңдап алынды. Мамандардың тексерісі кезінде 280 олқылық анықталған. Негізінен суға қанығу, тығыздық коэффициентінде, қысу беріктігінің шегінде, инертті материалдардың құрамында сәйкессіздіктер болған.

СҚО-да былтыр 1620 км республикалық жолдың сапасы тексеріліп, олқылықтар жойылды
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚО филиалы

Бұдан бөлек 2,5 мыңға жуық жол-құрылыс материалдарының үлгісі алынып, оның 683-і, яғни 27% нормативті-техникалық құжаттама талаптарына сай болмай шыққан.

Мәселен республикалық жолдар бойынша 32 нысан тексерілді. Жалпы ұзындығы – 1620 км. Соның 300 км кепілдікте тұрған. Мамандар бақылауға алынған нысандарға екі жүзден аса барып, 739 рет сынама алған. Соның 18% талапқа сай болмаған.

СҚО-да былтыр 1620 км республикалық жолдың сапасы тексеріліп, олқылықтар жойылды
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚО филиалы

Бұдан бөлек 661 км жолдың тегістігі сын көтермейді, 93 км ілінісу коэффициенті қанағаттанарлықсыз, 6 км серпімділік модулі сәйкес келмесе, 297 км жолда ойлар болған.

Ал жалпы былтыр бақылауға алынған нысандардың жартысы елді мекендердің көше жолдарының жөндеуіне қатысты болды. 101 нысаннан 500-ден аса сынама алынып, соның жартысы бойынша сәйкессіздік анықталған. Барлық анықталған олқылықтар бойынша филиал тиісті хат жолдап, нәтижесінде сәйкессіздіктер жойылды.

Естеріңізге салайық, биыл СҚО-да биыл жергілікті маңызы бар 600 км жол жөнделмек.

Соңғы жаңалықтар