СҚО-да былтыр 500-ге жуық адам жоғалып-табылған
Солтүстік Қазақстан облысында із-түссіз жоғалған 11 жастағы бала шамамен төрт сағаттан кейін аман-есен табылды. Оны іздеуге полицейлерден бөлек құтқарушылар, волонтерлер, ауыл адамдары да ат салысты, деп хабарлайды Kazinform.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда жоғалған 11 жастағы баланың жүрген жерін анықтау үшін ауқымды іздестіру шарасы ұйымдастырылды. Ата-анасы жасөспірімнің жоғалғаны туралы сағат 19:30 шамасында хабарлаған. Олардың айтуынша, ер бала қоқыс лақтыруға шығып, үйге оралмаған.
Іздеу жұмыстарына полицияның барлық қызметкерлері қатысты.
Бұдан бөлек, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, ұстаздар жұмылдырылды.
“Lider.kz” волонтерлар ұйымының өкілдері жоғалған бала туралы ақпаратты әлеуметтік желілерде таратты. Нәтижесінде көптеген жергілікті тұрғын көмек ұсынды.
Іздеуге атсалысқан 11-сынып оқушысы Илья Шенедрук, Түмен индустриалдық университетінің студенті Александр Подольский мен 20 жастағы электромонтёр Артур Гарбар көппәтерлі үйлердің кіреберістерін, жертөлелері мен шатырларын тексерді. Түнгі сағат 00:00 шамасында олар баланы үйлердің бірінің кіреберісінен тапты. Ол дереу үйіне жеткізілді.
Полицейлер оның ата-анасымен мұндай жәйттерді болдырмау бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді.
СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, былтыр полицияға адамдардың жоғалуына қатысты 477 арыз келіп түскен. Бүгінгі таңда 475 адамның жүрген жері анықталды. Іздестіру жұмыстарында волонтерлердің көмегі айтарлықтай, былтыр олар 28 адамды тапты.